Астанада Мемлекеттік рәміздер күні аясында патриоттық акциялар мен мәдени шаралар өтеді
Астанада жыл сайын 4 маусымда аталып өтетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай ауқымды іс-шаралар бағдарламасы әзірленді. Мерекелік іс-шаралар елорданың барлық аудандарында өтеді, тұрғындар концерттерге, көрмелерге және мемлекеттік рәміздерге арналған тақырыптық акцияларға қатыса алады.
4 маусым күні сағат 10:00-де барлық мекемелерде «Менің рәміздерім – менің мақтанышым!» атты жалпы қалалық патриоттық челлендж-акциясы басталады. Акция барысында бір мезетте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
Мереке қарсаңында елордада дәстүрлі «Менің елім – менің Туым» акциясы басталып, тұрғын үйлердің қасбеттеріне Мемлекеттік Тулар ілінді. Бұл бастама ел бірлігі мен патриотизмді, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді айқын көрсетеді.
1-4 маусым аралығында қалада архивтік құжаттардың бірегей көшпелі көрмесі ұйымдастырылады. Көрме 3 маусымда ЭКСПО аумағында сағат 10:00-17:00 аралығында, ал 4 маусымда Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағында, «Пианино» арт-нысаны жанында көрсетіледі.
4 маусым күні сағат 19:00-де Есіл өзенінің жағалауында (Арбат) Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің Мемлекеттік Тумен салтанатты шеруі өтеді, сонымен қатар арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Мерекенің тағы бір маңызды алаңы – «Көк байрақ астында» дәстүрлі әдеби-музыкалық кеш. Кеш 4 маусымда сағат 18:00-де Нұржол бульварында өтеді. Іс-шара ұлттық өнер, жанды музыка және поэзия әуесқойларын біріктіріп, қатысушыларға мазмұнды мәдени бағдарлама мен мемлекеттік туларды тарату акциясын ұсынады.
1-4 маусым аралығында «Замандас» жастар коворкинг-орталықтарында мемлекеттік тіл, ағылшын тілі және шешендік өнер бойынша арнайы сабақтар өтеді. Бағдарлама 4 маусымда Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өтетін «Менің Отаным – Қазақстан» интеллектуалдық квестімен қорытындыланады.
Сонымен қатар, 4 маусымда №2 музыка мектебінде «Ән жырыммен асқақтатам…» атты мерекелік концерт өтеді. Жас көрерменнің музыкалық театры сахнасында қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Шәмші»спектаклі қойылады.
4 маусым күні сағат 11:00-де «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында «Мемлекеттік рәміздер – елдің абыройы» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылады. Ол мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімдегі рөлін көрсетуге арналған.
Байқоңыр ауданында сол күні шағын футболдан тұрғындар арасында турнир өтеді. Сонымен қатар, Сарыарқа ауданындағы жаңартылған Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионда жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады. 5 маусымда «Нұра» ауданында балаларға арналған ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі.
Сарайшық ауданында 4 маусымда К. Әзірбаев көшесі, 6 мекенжайында жаңа абаттандырылған аула кеңістігінің ашылуы жоспарланған.