Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет енді инвесторлар құқығын қорғау комитеті деп аталатын болды

Мемлекет басшысы өз жолдауында Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертетін кез келді деп айтты. Сонымен қатар Премьер-министрге инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысын жүргізуді міндеттеді:
«Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек. Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту — кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ. Бірақ, көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан Премьер-министр 10 күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент заңсыз актив иелерінің қазынаға 850 млрд теңгеге жуық қаржы қайтарғанын айтты:
— Меніңше, Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертетін кез келді. Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта кету керек. Соның нәтижесінде, қазынаға 850 млрд теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Бұл қаражат 10 мектеп, төрт спорт ғимаратын салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмыстарына бөлінді. Республикалық бюджетке тағы қосымша қаражат түспек, — деді Президент.