Apple сейсенбі, 9 қыркүйекте жаңа өнімінің таныстырылымын өткізеді. Сарапшылардың болжамына қарағанда, компания жаңа iPhone 17 үлгілерін көрсетпек.

Apple кем дегенде төрт жаңа модельді таныстыруы мүмкін, олардың ішінде екі өлшемдегі Pro нұсқалары болады.  Бұл жолы Plus нұсқадағы смартфон болмайды.

Оның орнына Apple жаңа iPhone Air әзірлеп жатыр. Аталмыш гаджет компания тарихындағы ең жұқа смартфон болуы мүмкін. Құрылғының қалыңдығы небәрі 5,5 мм, ал экраны – 6,6 дюйм. Бұл былтырғы iPhone 16 Plus моделінен сәл кішірек.

Болжам бойынша, iPhone 17 Air тек бір камерамен шығады. Жаңа жұқа iPhone-да көзіміз үйренген пластик SIM-картаға арналған орын пен төменгі динамик болмауы мүмкін. JP Morgan банкінің болжамы қарағанда iPhone 17 Air бағасы $900–950 шамасында болады.

Ал Apple екі жыл бұрын Pro үлгілерінде енгізген титаннан бас тартып, қарапайым алюминийге көшуі мүмкін. Бұл телефонды жеңілдету және өндіріс құнын азайту үшін жасалып жатыр. Гонконг сарапшысы Джефф Пу-дың айтуына қарағанда, титан енді iPhone Air-де қолданылуы ықтимал.

JP Morgan банкі, iPhone 17 Pro бағасы $100-ға қымбаттап, $1 099 болады деп болжам жасады. Бірақ енді ең аз жады көлемі 128 емес, 256 ГБ болмақ. Ал үлкен экранды iPhone 17 Pro Max бағасы өзгермей, $1 199 сомасында қалады.

Алдын ала тапсырыс 12 қыркүйекте басталып, гаджет сатылымға 19 қыркүйекте шықпақ.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай