АҚШ «Путинді шақыру үшін» Ресейге қарсы cалынған санкцияларының бір бөлігін тоқтатты

фото: rusexport.su
АҚШ Қаржы министрлігі Ресейге қарсы енгізілген санкциялардың бір бөлігін уақытша тоқтатты. Санкция салу процесі 20 тамызда жалғасады.
Ақпаратқа сәйкес, мұндай шешімнің Аляскада өтетін саммитке дайындық және оны өткізу үшін қажетті қаржылық транзакцияларға қатысты қабылданғаны айтылады.
Министрліктің мәліметінше, Ресей экономикасына RuHSR және URSR шеңберінде бөгет қойылған, бірақ Аляскадағы кездесуге қатысу немесе оны қолдау үшін қажет барлық операцияларға 2025 жылғы 20 тамыз, сағат 00:01-ге дейін рұқсат берілген.
Құжатта бұл бастаманың бұғатталған активтерді босатуды көздемейтіні аталған.
Еске сала кетелік, АҚШ президенті Дональд Трамп тың мәлімдеме жасады. Саясаткер 15 тамызда, Аляска штатында Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесетінін айтты.
Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде арнаулы жазба жазып, «көптен күткен кездесудің» нақтыланған жерін атады:
«Америка Құрама Штаттарының Президенті мен Ресей президенті Владимир Путиннің көптен күткен кездесуі келесі жұмада, 2025 жылдың 15 тамызында ұлы Аляска штатында өтеді. Қосымша мәліметтер кейінірек хабарланады. Осы мәселеге назар аударғаныңыз үшін рақмет» деп жазды.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесетінін растап отыр. Сонымен қатар саясаткер Ресей мен Американың көрші екенін айтып, Аляскада өтетін алдағы кездесуді қисынды деп атады.
Ушаковтың айтуына қарағанда, президенттер Украина топырағындағы ұзаққа созылған соғыс сүргінін реттеуге назар аударады. Аляскадағы келіссөздерден кейін Путин мен Трамптың кездесуі Ресей аумағында өтуі мүмкін.
«АҚШ Президентіне шақыру жіберілді», — деп өз сөзін жалғады Ресей мемлекеті басшысының көмекшісі.