Қазақстандық Qajet такси сервисіне отандық цифрлық карталарды енгізу жоспарланып отыр
Қазақстандық Qajet такси шақыру сервисіне отандық цифрлық карталар мен навигациялық технологияларды енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Жоба аясында мекенжайларды іздеу, орналасқан жерді анықтау және маршрут құру функцияларын қазақстандық геосервистер негізінде дамыту жоспарланған.
Бұл мәселе Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен жұмыс тобының отырысында талқыланды.
Министрлік «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (Қазгеодезия) цифрлық карталары мен геосервистерін коммерциялық платформаларда пайдалану мүмкіндігін пысықтап жатыр.
Бастаманың негізгі мақсаты – мемлекеттік картографиялық деректерді бизнес саласында қолдану және Қазақстанның жеке навигациялық технологияларын дамыту.
Жоспарланған интеграция аясында Qajet сервисінде Қазгеодезия әзірлеген цифрлық карталарды пайдалану көзделіп отыр.

Сонымен қатар мекенжайларды іздеу, геокодтау, яғни мекенжайларды географиялық координаттармен сәйкестендіру және маршруттарды құру мүмкіндіктерін дамыту жоспарланған.
Бұл отандық геосервистердің жұмысын жолаушылар тасымалының нақты жағдайларында сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.
Жоба нәтижесінде қазақстандық картографиялық шешімдердің тиімділігін бағалап, оларды басқа цифрлық платформаларға енгізу мүмкіндіктерін қарастыру көзделген.
Интеграцияның технологиялық негізін Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы аясында қалыптастырылған картографиялық мәліметтер құрайды.
Сондай-ақ Қазгеодезияның цифрлық картография және навигация бағытындағы жеке технологиялық әзірлемелері пайдаланылмақ.
Жұмыс тобының отырысында картографиялық деректердің дәлдігі мен өзектілігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, жол желісі туралы ақпаратты жаңартып отыру, мекенжайларды дұрыс анықтау және нысандардың географиялық орналасуын нақты көрсету міндеттері қарастырылды.
Бұл факторлар такси шақыру, маршрут жоспарлау және жолаушыларды қажетті мекенжайға жеткізу қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету үшін маңызды.
Министрліктің мәліметінше, Qajet сервисімен ықтимал интеграция мемлекеттік цифрлық деректерді коммерциялық мақсатта пайдаланудың тәжірибелік үлгілерінің біріне айналуы мүмкін.

Болашақта отандық навигациялық шешімдерді такси агрегаторлары, жеткізу қызметтері, логистикалық компаниялар және басқа да цифрлық платформалар қолдана алады.
Мұндай тәсіл мемлекеттік органдарға, бизнес өкілдеріне және азаматтарға қолжетімді қазақстандық геосервистер экожүйесін дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар жоба отандық IT-компаниялардың картографиялық деректер негізінде жаңа цифрлық өнімдер мен қызметтер әзірлеуіне қосымша мүмкіндік беруі мүмкін.
Қазіргі уақытта Qajet сервисіне цифрлық карталарды енгізудің техникалық және ұйымдастырушылық мәселелері пысықталып жатыр. Интеграцияның нақты іске қосылу мерзімі әзірге жарияланған жоқ.
Жобаны жүзеге асыру Қазақстанның геоақпараттық технологиялар саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге және ұлттық кеңістіктік деректерді цифрлық экономикада тиімді пайдалануға бағытталған.