Ақтөбеде Ұлттық ұлан сарбаздары дрон басқару мен құрастыруды үйреніп жатыр
Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының мерзімді әскери қызметшілері ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және құрастыру бойынша арнайы дайындықтан өтіп жатыр. Сарбаздарға заманауи технологияларды меңгеруді «Бүркіт» арнайы жасағының тәжірибелі жауынгерлері үйретуде.
Оқыту бағдарламасы Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде ұйымдастырылған. Оның негізгі мақсаты – мерзімді әскери қызметшілердің техникалық білімін жетілдіру, ұшқышсыз аппараттармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру және заманауи әскери технологияларды меңгеруіне жағдай жасау.
Сабақтар арнайы жабдықталған оқу сыныбында өтеді. Мұнда сарбаздар дрондардың құрылымымен, оларды басқару ережелерімен және техникалық қызмет көрсету ерекшеліктерімен танысады.
Сонымен қатар бағдарламада ұшқышсыз ұшу аппараттарын тактикалық мақсатта қолданудың негізгі қағидалары қарастырылған.
Оқыту аясында есептоп командирі, FPV-дрон операторы, оқ-дәрілер жөніндегі маман және барлау операторынан тұратын жауынгерлік есептопты даярлау көзделген.
Сарбаздарға сабақ беретін «Бүркіт» арнайы жасағының әскери қызметшілері бұған дейін ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару бағытында арнайы дайындықтан өткен.
Олар еліміздің бірнеше қаласында, сондай-ақ Ақтөбедегі Т. Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында кәсіби біліктіліктерін арттырған.
Бағдарламаның ерекшелігі – сарбаздардың дрондарды басқарумен қатар, оларды құрастыруды да үйренуі.
Практикалық сабақтар барысында әскери қызметшілер ұшқышсыз аппараттардың техникалық құрылымымен танысып, олармен жұмыс істеуге қажетті дағдыларын жетілдіреді.
«Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану саласындағы кәсіби шеберліктерін түрлі жарыстарда да көрсеткен.
Атап айтқанда, «SHAIQAS-2026» ұлттық инженерлік чемпионатында Ұлттық ұланның «Burkit Team» командасы Назарбаев университетінің өкілдері және Fr13nds Team киберқауіпсіздік мамандарымен бірлесіп өнер көрсетті.
Жарыс барысында қатысушылар инженерлік, тактикалық және технологиялық бағыттар бойынша өзара сынға түсті.
Нәтижесінде команда «Тактика» және «Киберқауіпсіздік» бағыттарында бірінші орын иеленді. Ал «Квадрокоптерден граната тастау» сайысында екінші орынға қол жеткізді.
Енді халықаралық және ұлттық жарыстарда тәжірибе жинақтаған арнайы жасақ жауынгерлері өз білімдерін мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға үйретіп жатыр.
Ұлттық ұланда ұйымдастырылған мұндай сабақтар әскери қызметшілердің заманауи технологияларды меңгеруіне, техникалық даярлығын арттыруына және кәсіби дағдыларын дамытуына бағытталған.
Ақтөбедегі оқу бағдарламасы сарбаздарды ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеуге бейімдеп, олардың әскери қызмет барысында жаңа технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды.