Абай облысында қазақ зиялыларының еңбектерінен құралған 35 томдық «Мирас» жинағы таныстырылды
Абай облысында Республика күні қарсаңында қазақ зиялыларының ағартушылық мұрасын жаңғыртуға арналған 35 томдық «Мирас» кітаптар жинағының таныстырылымы өтті. Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай әзірленген басылымдар өңірдегі барлық мектептер мен колледждерге таратылмақ.
Салтанатты іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, жазушы әрі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, сондай-ақ өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Мирас» сериясы аясында жарық көрген жинаққа ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ ағартушыларының балаларға арналған оқулықтары, танымдық еңбектері мен әдеби аудармалары енгізілген.
Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан қайраткерлердің шығармашылық мұрасын қазіргі оқырманға таныстыру және жас ұрпақтың кітап оқуға қызығушылығын арттыру.
Жинаққа қазақтың көрнекті тұлғаларының еңбектері енді

35 томдық басылымда Тұрағұл Абайұлы, Спандияр Көбеев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мұхтар Әуезов және басқа да қазақ зиялыларының еңбектері қамтылған.
Кітаптар мазмұнына қарай үш негізгі бөлімге топтастырылған: «Жаратылыстану», «Әдеби аудармалар» және «Балаларға базарлық».
Жинақтағы шығармалар қазақ ағартушыларының халыққа білім беру, ұлттық сананы қалыптастыру және балаларды әлемдік ғылым мен мәдениет жетістіктерімен таныстыру бағытындағы қызметін көрсетеді.

Тарихи еңбектер алғаш рет бір жоба аясында топтастырылып, қазіргі оқырмандардың жас ерекшеліктеріне бейімделген. Сонымен қатар басылымдар мазмұнды иллюстрациялармен толықтырылған.
35 томдық жинақ облыстың барлық мектептері мен колледждеріне таратылады

Таныстырылым барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли кітап шығару жобасының маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары аясында қолға алынған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына орай біз қасиетті Абай өңірінде осы бағытта көптеген жұмысты бастадық. Солардың бірі де бірегейі – сіздердің қолдарыңызға тигелі отырған «Мирас» сериясының аясында әзірленген 35 томдық жинақ, – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы Президенттің 16 мамырда кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру шараларын қамтитын Жарлыққа қол қойғанын атап өтті.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жаңа жинақтағы еңбектер бүгінгі оқырманға түсінікті форматта ұсынылған. Бұл тарихи шығармалардың мазмұнын балалар мен жастарға қолжетімді етіп жеткізуге бағытталған.
«Мирас» сериясының 35 томы Абай облысындағы барлық мектептер мен колледждерге таратылады.
Жоба қазақ ағартушыларының ғылыми, әдеби және мәдени мұрасын сақтауға, оны білім беру үдерісінде пайдалануға және өскелең ұрпаққа кеңінен таныстыруға арналған.