Соңғы жеті жылда Қазақстанда азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге шамамен 1,3 трлн теңге бағытталды.

Жыл сайын орта есеппен 3,3 млн пациент қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етілді.

Денсаулық сақтау министрлігі сатып алу жүйесін жетілдіру, дәрі-дәрмек бағасын төмендету және халық үшін емнің қолжетімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

2019-2025 жылдар аралығында тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы көлемі үш еседен астам өсті.

Атап айтқанда, бұл көрсеткіш 83 млрд теңгеден 272,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Осы кезеңде тегін дәрі-дәрмек алатын пациенттер саны 2,5 млн адамнан 3,4 млн адамға дейін артты.

2026 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алудың жалпы жоспары 584,1 млрд теңге көлемінде бекітілді.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,6%-ға көп.

Сатып алу жүйесін жетілдірудің негізгі нәтижелерінің бірі отандық өндірістің 66 дәрілік препаратының бағасын төмендету болды.

Бұл бюджет қаражатын 10,3 млрд теңге көлемінде үнемдеуге мүмкіндік берді.

Денсаулық сақтау министрлігі отандық және шетелдік өндірушілерден тікелей сатып алу тәжірибесін де кеңейтіп жатыр.

2026 жылы тікелей келісімшарттар бойынша сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың атаулары 404-ке дейін өсті.

2025 жылы бұл көрсеткіш 182 атауды құраған.

Сонымен қатар халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық кеңейтілуде.

Биыл БҰҰДБ, ЮНИСЕФ және туберкулезбен күрес жөніндегі халықаралық тетіктер арқылы 32 атаудағы дәрілік заттарды сатып алу көзделген.

Өткен жылы бұл көрсеткіш 23 атау болған.

Сатып алу тетіктерін жетілдіру бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, дәрі-дәрмек жеткізілімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және пациенттер үшін тегін дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.