2026 жылғы 1 қазанда Алматы қаласындағы М. Тынышбаев атындағы ALT University-де көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру жөніндегі VII Еуразиялық форум өтті.

Халықаралық іс-шара көлік инфрақұрылымын дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және жаңа буын инженер кадрларын даярлау мәселелерін талқылауға арналды.

Форум мемлекеттік органдардың, теміржол және көлік компанияларының, ғылыми қауымдастықтың, бизнес пен технологиялық ұйымдардың өкілдерін бір алаңға жинады.

Іс-шараға көлік саласының өкілдері, бейінді ұйымдар, IT-компаниялар, қауіпсіздік жүйелерін өндірушілер, сондай-ақ Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан және 1520 мм теміржол табанын пайдаланатын басқа да елдердің теміржол әкімшіліктерінің өкілдері қатысты.

ALT University-дің 95 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған форум көлік саласының болашағына қатысты кәсіби пікір алмасу алаңына айналды.

Іс-шараның жоғары білім беру жүйесі үшін де маңызы зор. Себебі инженер кадрларын даярлау мәселесі Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту міндеттері аясында қарастырылды.

Бүгінде көлік саласына іргелі білімі бар инженерлермен қатар, цифрлық жүйелерді, жасанды интеллектіні және инновациялық технологияларды меңгерген мамандар қажет.

Форумның маңызды оқиғаларының бірі ALT University базасында болашақ мамандарды тәжірибеге бағыттап даярлауға арналған жаңа оқу зертханаларының ашылуы болды.

Университет тарихында алғаш рет «Теміржол инфрақұрылымы» атты оқу полигоны пайдалануға берілді. Ол студенттерге теміржол инфрақұрылымының құрылысын зерделеп, өндірістік ортаға барынша жақын жағдайда кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Форумда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Шәкенов құттықтау сөз сөйлеп, баяндама жасады. Сондай-ақ ол оқу полигонының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Сонымен қатар теміржол саласының құрметті ардагері, теміржолшылар арасында алғаш рет «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған Қалтай Самбетов атындағы микропроцессорлық орталықтандыру жүйелері зертханасы ашылды.

Тағы бір маңызды нысан – қазақстандық ардагер теміржолшы, саланың құрметті қайраткері, Орталық Азия логистика, көлік және сауда қауымдастығының Бас хатшысы Болатбек Дүйсемалиев атындағы зертхана.

Зертхана RAILWAGONLOCATION, ASUP, SOLVO және «Магистраль» атты төрт заманауи бағдарламалық жүйемен жабдықталған.

Бұл бағдарламалар вагондар мен контейнерлердің орналасқан жерін бақылауға, тасымалдауды басқару үдерістерін автоматтандыруға, терминалдардың жұмысын үйлестіруге және теміржол тарифтерін есептеуге мүмкіндік береді.

Осылайша студенттер тасымалдауды басқарудың цифрлық құралдарын тәжірибе жүзінде меңгеріп, көлік логистикасының заманауи технологияларымен таныса алады.

ALT University ректоры Меруерт Жармағамбетова форумның ашылуында университеттің теміржол саласы үшін білікті кадрлар даярлаудағы стратегиялық рөліне тоқталды.

Ол «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен тығыз ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

Ректордың айтуынша, университет 95 жыл ішінде көлік саласына бірнеше буын маман даярлады. Бүгінде олардың көпшілігі салада басшылық қызметтер атқарып жүр.

Теміржол инфрақұрылымы қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде цифрлық технологияларды, автоматтандыру және басқару жүйелерін меңгерген инженерлерді даярлаудың маңызы артып келеді.

Меруерт Жармағамбетова жаңа оқу нысандарының, соның ішінде теміржол полигонының, цифрландыру кеңістігі мен автоматтандыру орталығының ашылуына ерекше тоқталды.

Оның сөзінше, заманауи білім беру инфрақұрылымын құру «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асып, болашақ мамандардың тәжірибелік даярлығының сапасын арттыруға бағытталған.

– Білімге салынған инвестиция – саланың қауіпсіздігі мен болашағына салынған инвестиция.

Форум аясындағы тағы бір маңызды оқиға KTZ–ALT Innovation хакатоны болды.

Оған теміржол және IT мамандықтарының студенттері қатысты. 24 сағат ішінде қатысушылар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның нақты өндірістік кейстері негізінде цифрлық шешімдер әзірледі.

Командалардың жұмысына 30-дан астам сарапшы мен тәлімгер тартылды. Хакатонға 46 командаға дейін, жалпы саны 170-ке жуық студент қатысты. Жүлде қоры 2,5 млн теңгені құрады.

Хакатонның мақсаты – цифрлық инновацияларды дамыту, жастарды көлік саласындағы өзекті мәселелерді шешуге тарту және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның кадрлық резервін қалыптастыру.

Мұндай формат студенттерге теориялық білімін тәжірибеде қолдануға, сарапшылардың қолдауына ие болуға және өз технологиялық жобаларын ұсынуға мүмкіндік береді.

Форум аясында көлік-логистика саласындағы инновациялық шешімдер көрмесі де ұйымдастырылды.

Қатысушылар көлік жүйесінің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи технологиялар мен әзірлемелермен танысты.

ALT University-дің 95 жылдық мерейтойы аясында өткен форум университеттің Қазақстандағы инженерлік білім беруді дамытудағы тарихи рөлін айқындай түсті.

Бүгінде университет салалық серіктестермен ынтымақтастығын кеңейтіп, іргелі білімді цифрлық технологиялармен және практикалық тәжірибемен ұштастыратын заманауи білім беру ортасын қалыптастырып келеді.