АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде жазба қалдырып, Үндістан мен Пәкістанның бітімге келгенін, «атысты түбегейлі тоқтату» жөнінде шешім шығарғанын мәлімдеді. 

«Америка құрама штаттарының арағайындығымен өткен түнгі ұзақ келіссөзден кейін Үндістан мен Пәкістан бір тоқтамға келіп, атысты толық және дереу тоқтату жөнінде келіскенін қуана хабарлаймын», — деп жазды Трамп TruthSocial әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Трамп әлеуметтік желіде жазба қалдырса да, келісімге келген қос тараптың шарттары көрсетілген ресми құжат әлі жарияланған жоқ. Екі елдің өкілдері де Трамп айтқан мәлімдемеге қатысты пікір білдірмеді.

Еске салайық, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұған дейін де бітімгерлік жайын сөз еткен. Пәкістан мен Үндістан билігімен телефон арқылы сөйлесіп, келіссөз жүргізу үшін «жол ашуға» дайын екенін жеткізген.