Қарадүрсін қойылым қойып, «пранк» жасаған блогерлер қылмыстық жазаға тартылады

фото: liter.kz
Мәжіліс сайтында депутат Мақсат Толықбайдың депутаттық сауалына Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың берген жауабы жарияланды. Сауал ақпарат бойынша қауіпсіздік, медиасаясат және құқық қорғау органдарына деген сенімге қатысты өрбіген.
Соның ішінде полицей киімін киетін азаматтарға қатысты мәселеге байланысты да министр жауап бере кетті.
«Жалған куәліктерді, кісендерді және басқа да арнаулы құралдарды қолдана отырып, құқық қорғау органдарының нысанына жасырынған адамдардың қатысуымен сахналау («пранктер») жағдайлары бұзақылық, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын билік өкілі немесе лауазымды адам атағын өз бетінше беру не өзге де әкімшілік немесе қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде саралануы мүмкін», делінген министр жауабында.
Оның айтуынша, қойылымға қатысты әрбір оқиға бойынша тексеру жүргізіліп, заңнамада белгіленген шаралар қабылданады.
Соңғы кездері әлеуметтік медиада елдің үрейін ұшырып, зәресін алатындардың қатары көбейді. Астанада жұртты шошытып, жеделсатыда «жаназа шығармақ» болған блогерлердің қораш қылығы әлі қызу талданып жатыр.