Былтыр 17,9 млн тонна қара алтын кәдемізге жараған. Қазақстан республикасының энергетика министрлігі мұнай өңдеуге қатысты маңызды мәлімет жариялады. Министрлік ұсынған мәліметке иек артсақ, елдегі мұнай өңдеу көлемінің тұрақты түрде ұлғайып келе жатқанын байқаймыз. 

Министрлік мәліметіне қарағанда, мұнай өңдеу ісі 2020 жылы 15,8 млн тоннадан 2024 жылы 17,9 млн тоннаға дейін артқан. Мұндай көрсеткішке Үкіметтің 2022–2023 жылдары жүзеге асырған мұнай өнімдерін өндіру жүйесін реформалауы сеп болғаны айтылды. Реформа Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын, сондай-ақ мұнай өнімдерін тарату және айналым жүйесін қамтып отыр.

Сонымен қатар көтерме және бөлшек бағаларды реттеуге басымдық берілгені мәлім болды. Нәтижесінде, ішкі нарық 2024 жылы тұрақтанған, дизель отынының қоры 268 мың тоннадан 612 мың тоннаға дейін екі есе артқан. АИ-92 және АИ-95 бензиндерінің қоры 404 және 85 мың тонна болған. Дизель мен бензинсіз қалған жанармай құю бекеттерінің саны 10 есеге азайған. Министрлік қазірде ЖЖМ қорының жеткілікті екенін нақтылап отыр.

Ішкі нарықтан артылған АИ-92 маркалы жоғары сапалы бензин экспортталған. Мұнымен қоса, министрлік өкілдері 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы барын баяндады:

— Құжат 2032 жылға дейін жұмыс істеп тұрған зауыттарды және Ақтау битум зауытын кеңейту, сондай-ақ 2030–2040 жылдар аралығында жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа ірі зауыт салу арқылы өңдеу қуатын 18 млн тоннадан 28 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді. Бұл көрсеткіш мұнай өңдеуді жылына 38 млн тоннаға дейін жеткізеді. Осылайша, өндіру мен өңдеу арасындағы қатынас қазіргі 5:1 деңгейінен 2,8:1 деңгейіне дейін жақсарады. Бұл көрсеткіш технологиялық дамыған елдер — Сауд Арабиясы, Канада, Ресей, Қытай, АҚШ, Сингапур сынды мемлекеттердің тәжірибесіне сәйкес келеді.