Сыртқы істер министрлігі инвесторлық виза алу қағидаларын бекітті. Жаңадан берілетін «Алтын виза» елімізге инвестициялық мүмкіндіктер құю мәнерін молайтуға және ұзақ мерзімді іскерлік серіктестікті қолдауға бағытталған. 

Жаңа талаптар бойынша шетел азаматы Қазақстан компанияларының жарғылық капиталына немесе отандық бағалы қағаздарға кемінде 300 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу керек. Кейін  инвесторлық визаны рәсімдеу үшін электронды өтініш бере алады.

Аталмыш «алтын визаны» алған азамат Қазақстанда 10 жылға дейін тұра алады.

Мұндай визалық бағдарламалар халықаралық тәжірибеде (соның ішінде Еуропа елдері, АҚШ, БАӘ және Сингапурда) кеңінен қолданылып, капитал, технология мен іскерлік белсенділікті тартудың нәтижелі құралы ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Қазақстан осы тәжірибеге қосылып, инвестициялық резиденттіктің өзіндік моделін ұсынады.

«Алтын визалар» шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі «болашағы бар» орта қалыптастырып, заңды кепілдіктер беруге және елдің инвестициялық ахуалына сенімді нығайтуға бағытталған.

Бұл жаңа бастама елдің ашықтыққа, капиталды қорғауға және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарын көрсетеді.