«Ата-аналар үшін материалдық құндылық алға шығып кетті» — Белгілі күйші, зерттеуші Ардаби Мәулет
Белгілі күйші, өнертану ғылымының PhD докторы Ардаби Мәулет «Ұждан» жобасының төрінен тағылымы мол сөз айтып, пікір алысты.
Сұхбат үстінде Ардаби Мәулет ұлттың рухани тамырынан қуат алу, бала тәрбиесі, өнер киесі мен мәдениет мәйегі, ұлттық құндылықтар, білім жүйесіндегі түйткілдер туралы өз көзқарасын бөлісті. Сонымен қатар қазақ қоғамындағы өзекті проблемаларға бойлап, баланың спортқа бару мақсатына, театрға ынтығу мәдениетіне, шетелге кету тенденциясына қатысты оймақтай ой айтты.
Ардаби Мәулеттің айтуына қарағанда, ата-ананың балаға ақшалай емес, рухани капитал беруге ұмтылуы маңызды. Қазақтың тәрбие моделін, қазақ отбасындағы аналар мен әкелер рөлін, логопед пен психологтың орнына ата мен әженің қызметін жаңғыртудың пайдасы орасан.
— Қазіргі заманда көп ата-аналар өнерді, музыканы ақшасы жоқ, қайыршы мамандық секілді көреді. Ертең балам ақша тапсын, басқа салаға барсын, сонда керемет жетістікке жетеді деп ойлайды. Ең басты құндылық ретінде материалдық құндылықты алдыға шығарып отыр. Баласына да сол тұрғыдан қарайды. Бастық қылғысы келсе, яғни бір әкім бе, бір саланың министрі ме, оның мақсаты тек ақша табу, жағдайын жасау болсын дейді. Негізінен алғанда, бастық болудың басты принципі — ақша табу емес қой, елге қызмет ету, — деді күйші.
Күйді ғылыммен ұштастырған өнертанушы бүгінгі қоғамдағы өзекті шындықтарды ашық айтады. Дастарқан басында ақыл айтуды бала тәрбиесі ретінде қарастырмайды, баланы бос қалдырмау керегін нақтылайды, ұлтымызда жалғызбасты ана деген ұғымның болмағанын өз сөзінде дәлелді, дәйекті түрде алға тартады.