Сағыныш Намазшамова 1978 жылдың 8 қаңтарында Жетісу облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін бітірген, журналистика магистрі.

«Бақыттың бағасы» (2007), «Сағыныш», (2009), «Менің мифім» (2021) жыр жинақтарының авторы.

Шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы (2007 ж.).

Балалар жылы аясында өткен республикалық «Ер Төстік» (2021 ж.), «Жас өрен» (2022 ж.) әдеби байқауларының жүлдегері, Ольга Маркованы еске алуға арналған «Qalamdas» әдеби сыйлығының «Әдеби сын» номинациясының жеңімпазы (2024 ж.).

Қазақстан Жазушылар одағының, «Janr» әдеби клубының мүшесі.

***

Медитация

Өзіме жанмын ең ыстық,

Өзімнің өзім досыммын,

Маңайымдағы кеңістік

Өзіммен бірге көшіп жүр.

 

Мәңгілік күн бар кеудемде,

Таратам содан сәуле мың,

Жүрегім үлкен Жерден де,

Жібектей жұмсақ жан демім.

 

Мендегі бары көп деме —

Таң шығындағы бір тамшы.

Адамға, аңға, шөпке де

Құшағыңды ашып тұрсаңшы!

 

Жалғыздық — емес жалмауыз

Жалғыздық деген – жан күйі!

Жалғыздық – үнсіз ән, дауыс,

Әлемнің мәңгі әлдиі.

 

Өзімдегі отқа жылындым,

Әр сәтім бүгін – ұлы сәт.

Өзімді өзім ұғындым,

Еркелеуіме ұлықсат!

 

*   *   *

Ғаламдағы Кітаптардың Кітабы,

Мендік жазу бәлкім Соның бұтағы,

Мендік сөз да бәлкім Соның үзігі,

Менікі деп ойлайтыным, қызығы.

 

Ғаламдағы Кітаптардың Кітабы,

Төрт тарапқа жетіп жатқан құшағы,

Маңайдағы түгел Соның таңбасы,

Маңайдағы түгел Соның нышаны.

 

Ғаламдағы Кітаптардың Кітабы,

Ондағы ойлар тозаңданып ұшады.

Маған қонған сол тозаңның түйірін

Өлең етіп жаздым бүгін, мысалы.

 

*   *   *

Кербез нұр керіп көкті,

Толтырып самалаға,

Ақыры еріп кетті.

Ай тағы жаңара ма?

 

Көз-нүкте жана берді,

Шашырап шырақтардай,

Жұлдыздар ағады енді,

Әдейі құлатқандай.

 

Түн де бір қызық осы,

Түскендей төңкеріліп,

Кіргенде іңір есі

Елестер еңсеріліп,

 

Неонның шамы жанар,

Өзара қалыспайды,

Жер үсті тамып олар

Болымсыз дауыстайды.

 

Тірі жан естімейтін

Білемін үні жайлы,

Күлгіндеу кешкі кейпі

Ауада ыдырайды.

 

Сияды жарық енді

Аядай көлеміне.

Осының бәрін енді

Ойлаудың керегі не?

 

*   *   *

Жарық сәуле жоғалмайды,

Ешкім бізді түсіне алмас.

Кеңістік те көме алмайды,

Уақыт та ысыра алмас.

 

Көңілімнің хош-алаңын

Өріп жүріп өлеңімде,

Ағыл-тегіл босағанмын

«Ақымағым» дегеніңде –

 

Өткелдегі қайық болған

«Айналайын» секілді еді.

Сол заматта-ақ ғайып болған

Запыраным өтімдегі.

 

Өмірімнен көшеді кеп

Наурыз, сәуір, мамыр тағы.

Мына көктем мекені жоқ

Жүрегімді ауыртады.

 

Сөйте-сөйте байланармын,

Құстар салған күміс үнге.

Мөлтек көзге айналармын

Жалғыз тамшы шық ішінде.

 

*   *   *

Көйлекке де ұдайы керек екен кеңістік –

Керек екен Жер үсті –

Дүкен, жұмыс, жиын-той,

Және тағы көретін көз де керек… ең ыстық.

 

Шыр айналса, етегі Жер секілді дөңгелек,

Етіне оны кигеннің етек-жеңі кең, демек.

Шашу үшін шырайын маңайына шым-шымдап,

Шаттық тұнған өң керек!

 

Киім ілгіш, шкаф пен үтік те бар маңында,

Мұның бәрін көйлекке қосалқы деп қабылда!

Қарашы енді жаны жоқ иықтарда ілініп

Тұрғандығын дәл осы киілетін шағында.

 

*   *   *

Ұйқылы-ояу жанарымды

Жарық сипап оятты.

Нұры жуып жамалымды

Нағыз ерек таң атты.

 

Оянуға қимайтындай

Теңдесі жоқ таң ба еді?!

Арнасына сыймайтындай

Алып ұшқан жан демі.

 

Тұсап алған мәңгі мені

Түндігімнен түн шығып,

Тереземе таң кіреді,

Таң дегенің – тіршілік!

 

Қанат бітті қабырғама,

Ұша жөнел, ұш, жаным!

Іркілме де дамылдама,

Ішімдегі құстарым!

 

Жолыма бақ тап келген бе?

Не де болса игілік.

Шығып барам шат кеудеме

Бар әлемді сыйғызып.

 

*   *   *

Қиялым бірде қашаған,

Ойларым бірде ошаған.

Өмірді қойшы күйкілжің,

Көңілді қойшы босаған.

 

Мен де бір жүрген дуана,

Дуана жайлы сұрама!

Мазасыз мынау тіршілік

Мозаика сынды құрама!

 

Түспейін десең құсаға,

Өзіңді іштей тұсама,

Жүгірген саған көлеңкең

Қашады сенен түс ауа.

 

Жазылған тағдыр-талайсыз

Күту де ұзақ рабайсыз,

Хәлі жақсы екен дегейсің

Хат жолдап қойсам абайсыз.

 

*   *   *

Ізесең ізде мені,

тыныштық тереңінен,

Бітпейтін іргедегі

Кеңістік көлемінен,

 

Төменге түсе алмайтын

құстардың қанатынан,

Мың жылда мұқалмайтын

мұздардың қабатынан,

 

Бүкілін құрап тұрған

бүтіннің бөлшегінен,

Бейнеңнен құлап тұрған

көлеңкең өлшемінен,

 

Жерге кеп қонақтайтын

тозаңның түйірінен,

Осалды жолатпайтын

Олимптің биігінен,

 

Жұмбақ боп жасырынған

таулардың жынысынан,

Табарсың ақырында

кеудеңнің қуысынан.

 

*   *   *

Жаныма ендің жарық боп,

Жарығыңа қанағат.

Қайда болсын алып кет

Қанатыңа орап ап.

 

Мені мұнда қалдырма,

Мені мұңға қалдырма.

Айыр жол тұр алдыңда,

Айыр жол тұр алдымда.

 

Уақыт деген – ол әлем

Көрінбейтін сыртына,

Көгендеп-ақ қояр ем

Көнсе шіркін ырқыма.

 

Сынық көңіл. Сыңар күн.

Күрсініп ап көнем де.

Жылы күліп тұрармын

Жұлдыз болып төбеңде.

 

Ойлама оны сөнді деп,

Көктен және жұлғызба.

Ат сабылтып келді деп

Ат қойып ал жұлдызға.

 

*   *   *

Уа, Ұлы Жаратушы Құдауанда!

Топыраққа тамшы су шылағанда,

Адам боп жаратылған жанның бәрі

Айнала алмайды екен ғой пірәдарға!

 

Уа, Аса Мейірімді Құдауанда!

Жалғызға жармын дедің жылағанда!

Тәу етіп, тәубамды айтып жүргеніммен

Кірленбеу қандай қиын тірі адамға!

 

Уа, Ерек, Кемшіліксіз Құдауанда,

Қол-аяқ, көз-құлақта кінә бар ма?

Күнәмнің куәгері, не айтасыңдар

«Пәниде не істедің?» деп сұрағанда?

 

Бәріне Сен Иесің, Құдауанда!

Бердің бе кәлима үшін тіл адамға?!

Тілдің уын кетірмей, қолдың кірін,

Жалғанда жүрек енді жұбанар ма?!

 

*   *   *

Басы — шат, соңы — тәубе, ортасы – мұң,

Екеуміздің арамыз — он шақырым,

Бәрі жақсы,

болмаса жарым түнде

Айна жаққа қарауға қорқатыным,

 

Өзімнен бе, жоқ әлде айнадан ба?

Көз алдымда сәуле жоқ тайғанарға.

Қараңғыға қасқайып бір қарармын

Мәңгі бақи жарыққа айналарда.

 

*   *   *

Қар ауаны сызғанын да естідім,

Қылаңытып тұрғанын да естідім,

Жылылықты бұзғанын да естідім,

Соның бәрін естіп тұрдым кешқұрым.

 

Қардың жерге қонғанын да естідім,

Қамсыз гүлдің солғанын да естідім,

Топырақтың тоңғанын да естідім,

Соның бәрін естіп тұрдым кешқұрым.

 

Тынышымды бұзбаса деп ескі мұң,

Тамшы суға алақанын тосты кім.

Ол да маған «Емеспін деп ешкімің»,

Айта берді, айта берді, естідім,

Естігенім үшін дағы кеш, күнім!

 

*   *   *

Қаратал да мен секілді

Бірде бәсең, бірде арынды.

Өзен маған жол секілді,

Жуып жатқан жылдарымды.

 

Лақтырылған ұсақ тастан,

Судан шеңбер толқын көріп,

Сол толқынға құшақтасқан

Жүрегіңді толтыр келіп.

 

Су бетімен жүгіргенде

Дөңгеленіп діріл майда,

Әр тамшыға ілінгендей

Үн шығармай шуылдайды, ә?!

 

Мендей ол да жан дауысын

Сақтайды екен ішіне алып,

Тек тұншығып қалмау үшін

Қане, бірге ұшыралық!

 

*   *   *

Ай қандай жарық бүгін,

Толықсып-ақ тұр екен Жарықтығым.

Абыр-сабыр, дедектеп, дамыл тапқан

алмастырып көрейік жан ұшқынын.

 

Кемеліңе келіпсің, Дөңгелегім,

Келбетімді көрсем деп сен де менің

Төрт бұрышқа таратып ақ сәулеңді,

Ай аңқытып жібердің бөлме демін.

 

Бөлме демі аңқыды, жарық әні,

Аула шамы, бағана – бәрі-бәрі

Бар әлемнің назары бір-ақ сәтте,

Менің титтей бөлмеме ағылады.

 

Толтырғанда қалдырмай қалтарысын,

Қанаттанып кеткендей арқа тұсым,

Мен бе деймін сол сәтте анау Айдың

бетінде бейнеленген қалқа-мүсін.

 

Қалқа-мүсін, толарсың, кертілерсің,

Кертілерсің, қайтадан сен түлерсің.

Бір толысып, бір солу — дүниенің

екеумізге ғана тән дерті дерсің.

 

*   *   *

Бәрінен ауыр, бәрінен салмақты Қара Жер!

Жаратқан сызған Жарлықпен,

Геометриялық дәлдікпен

Саған қарай тартылады әр нүктем.

 

Бәрінен жомарт, бәрінен дархан Қара Жер!

Мен үшін

Бар өмірім – жан дүниемдегі келісім!

Қанша қиындықтан сақтап қалды мені

Сенің мелдектеген магниттік өрісің!

Оны мен сезінгелі қаша-а-ан!

 

*   *   *

Мен сені түсімде көрдім,

Санамның ішінде көрдім.

Өңім – ол өмір ғой,

Сені өмірде түсінбегенмін.

 

Не өзгерер маған ұққаннан?!

Сезімді қамалып қалған

бәлкім сен алып шығар ең

шектеулі аралықтардан.

 

Өмірдің өгей заңдары, ә?!

Өзгермес ол әлі алда да.

Бір-бірін жақын тұтатын

біздегі жазбалар ғана.

 

Менің де пернеде қолым,

Сенің де пернеде қолың.

Жазудан басқа жалғанның

таппаспыз көлденең емін.

Мен сені түсімде көрдім…

 

*   *   *

Еңселім,

Сенің игілігіңнің бәрін де

ар салмағымен өлшедім:

Сенен шыққан сәуленің жиілігінен қыл өтпейді,

Сенен тараған толқынның ұзындығына көз жетпейді.

Осының бәрін айта берер ем, сөз жетпейді.

 

Бар маңай сол сәулеге шомылып жатқандай,

Сол толқынға көміліп жатқандай.

Жарығыңды басқалар сіңірген сайын

Сенен еселеп бөлініп,

Кеселеп төгіліп жатқандай.

 

Неткен дархан едің, неткен мәрт едің,

Бірақ сол жарық маған жетпей жатса қайтемін?!