Журналистер тағы бір халықаралық бақылау компаниясын анықтады. First Wap деп аталатын желі әлем бойынша саясаткерлерді, танымал тұлғаларды және ірі компаниялардың басшыларын қадағалап келген. Mother Jones, Lighthouse Reports және бірнеше басқа басылымдардың бірлескен зерттеуінде бұл компанияның 1990-жылдардың аяғынан бастап мыңдаған адамның телефонын жасырын түрде бақылап келгені жарияланды.

First Wap-тың Altamides деп аталатын жүйесі (Advanced Location Tracking and Mobile Information and Deception System) адам қайда екенін көрсетіп қана қоймай, кіммен кездескенін бақылауға және хабарламаларын оқуға мүмкіндік берген. Компанияның ішкі архивтерінен 168 елден шыққан 14 мыңға жуық телефон нөмірі табылды. Олардың арасында журналистер, бизнесмендер, дипломаттар, мемлекеттік қызметкерлер мен жұлдыздар бар. Мәселен Джаред Лето және Google компаниясының негізін қалаушының бірінің экс жұбайы Энн Войжицки көрсетілген.

Ішкі хаттар мен келісімшарттарға қарағанда, Altamides технологиясы Сауд Арабиясына, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Өзбекстанға, Нигерияға, Малайзияға және бақылау саясаты белсенді пайдаланылатын басқа да елдерге сатылған. First Wap ресми түрде тек үкімет ұйымдарымен жұмыс істейтінін мәлімдегенімен, құжаттар технологияны санкцияларды айналып өту арқылы жеке клиенттерге жеткізуге көмектескен агенттер мен телекоммуникациялық делдалдар желісінің барын көрсетеді. Зерттеу нәтижелері халықаралық дербес өмірді, саяси оппоненттерді және тәуелсіз журналистерді бақылаудың кең ауқымды жүйесі әлі де жұмыс істеп тұрғанын дәлелдеді.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай