28 маусым — бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күні.

Қазақстан журналистикасына қызмет етіп, кәсіби ұстанымын тұғырлап, қысқа ғана ғұмырында көп іс тындырған әріптестеріміздің есімі ел жадында жаңғырып тұр. Бүгін нұрлы, сәулелі жұлдыздай жарық шашып, халқының шынай махаббатына бөленген, ортамыздан ерте кеткен әріптестерді еске алып отырмыз.

Нұртілеу Иманғалиұлы — қазақ телевизиясының төбе биі атанған журналист,  Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің түлегі. Молықбай қобызшының ұрпағы, ақын Ілияс Жансүгіровтің аталас інісі. Әкесі Иманғали ақсақал елге қадірлі, халық ақыны болған.

Нұртілеу Иманғалиұлы қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген. Нұртілеу Иманғалиұлының алғашқы хабарының бірі «Жадыңда ма, жолдас?!.». Содан бері журналистика ардагерінің қолтаңбасымен 20-ға жуық түрлі бағдарлама жарыққа шыққан. Қазақ телевизиясы ардагерінің халық аузында жатталып қалғаны «Бай, қуатты болайық!» деген сөзі еді.

Амангелді Сейітхан белгілі спорт комментаторы, кәсіпқой журналист, Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің түлегі.

1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде істеп, 1994 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болған. Кейін «Құмсағат» бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері атанды. Ал 1997 жылы «Хабар» арнасына ауысты.

Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті.

2000 жылы еліміздегі спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты болды. Спорт сайысын «Жеңісті күндерде жолыққанша» деп түйіндейтін ақпарат серкесінің есімі — ел есінде.

Жұмабай Шаштайұлы — белгілі жазушы, журналист. Журналист болып «Коммунизм жолы» газетінде, 1980-87 жылдары республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, 1987-90 жылдары «Жалын» журналында жұмыс істеді.

1990-92 жылдары «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-96 жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы болды.

2002 жылдан Қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарды. 2008-2017 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болған.

Бейсен Құранбек — белгілі журналист, тележүргізуші, Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің түлегі. Журналистикадағы еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде бастаған. Кейін «Рахат», «31 арна», «Хабар» телеарналарында жұмыс істеген, Президент телерадиокешенінде де қызмет атқарған. 2007-2012 жылдары Бейсен Құранбек Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды.

2013 жылдан бастап Qazaqstan телеарнасындағы «Айтуға оңай» ток-шоуын жүргізе бастады. Эфир өтекен төрт жылы Бейсен Құранбекті танымал тележүргізушіге айналдырды.

Мақсот Ізімұлы — белгілі журналист, жазушы, публицист, аудармашы. Ұзақ жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етті.

Мақсот Ізімұлы «Орал өңірі», «Ана тілі», «Теміржолшы – Железнодорожник», «Аруана» сынды басылымдарда, сондай-ақ «Зерде», «Жалын» журналдары мен «Қазақ энциклопедиясы» редакциясында қызмет атқарған. «Арыс» баспасының бас редакторы және «Астана ақшамы» газетінің әдеби редакторы болған.

«Аяқталмайтын әңгіме» және «Бедеріндей кестенің» атты прозалық жинақтардың авторы. Марқұм кәсіби шеберлігі, асқан білімдарлығымен көпшіліктің ерекше құрметіне бөленді.

Руслан Бөлебай — белгілі журналист, танымал тележүргізуші, Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің түлегі.

2002 жылдан бастап республикалық Ұлан газетініқ қоғамдық тілшісі болды, 2003 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» газетінің штаттағы тілшісі, 2003-2004 жылдары «Арай» журналының жауапты редакторы, 2005 жылы НТК телеарнасында жаңалықтар бөлімінің тілшісі және Ретро ҒМ радиосының жаңалықтар қызметінін жүргізушісі, 2004-2005 жылдары «Оңтүстік астана» жаңалықтар бөлімі мен республикалық-қоғамдық саяси «Azamat.kz» газетінің журналисі болып қызмет атқарды. 2005-2006 жылдар аралығында КТК телеарнасы ақпараттар бөлімінің штаттағы тілшісі, КТК арнасында «Шарайна» сараптамалық-бағдарламасының тілшісі, «Күндерек» жаңалықтар қызметінің жүргізушісі, 2007 жылы қантар айынан Қазақстан ұлттық телеарнасында «Таңшолпан» бағдарламасының тележүргізушісі болып қызмет етті.

Танымал журналист 2009 жылы 16 тамызда жол көлік апатынан қаза тапты.

Алтынай Байтоқанова — кәсіпқой журналист, бірқатар жарқын жобалардың авторы, Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің түлегі. Қазақ халқын әлемге танытып кеткен ерекше дарын иесі, тұңғыс иллюзионист. Журналистика саласын, сонымен қатар бірқатар өнер түрін қатар игерді. 7 минут ішінде 14 көйлек ауыстырып, Қытайда өткен халықаралық байқауда бас жүлдені иеленді. ұлттық сиқыр өнерінің іргетасын қалады.

Әлемдік бірталай байқауларға қатысып, иллюзионизм жанрының шебері ретінде талай елдің қошеметін алқалады.

Журналистика шығармашылығын, иллюзия жанрын ұлықтап, көптің жүрегінде мәңгі орнығып қалды.

Асылхан Өмірбекұлы — Qazaqstan телеарнасында спорт жаңалықтарын жүргізген танымал тележүргізуші болды. Спорт журналистиканың зор дамуына үлес қосты, адамдығы, кәсіби ұстанымы, кішіпейіл қалпымен көп әріптесінің есінде сақталып қалды.

Самал Тұрсынбайқызы Жайнақова — Qazaqstan ҰТА кинокөрсетілім және дубляж бөлімінің продюсері болып қызмет атқарды. Астана қаласында жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Марқұмның өлім алдында жазып қалдырған хаты табылғаны айтылады.

Эльмира Ерікқызы — журналист, Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің түлегі. 2000 жылдан бастап облыстық және республикалық баспасөз беттерінде 200-ден астам түрлі тақырыптағы мақалалары мен бірнеше әңгімелері жарияланды. Еуразия Ұлттық университетінің аға оқытушысы болып қызмет атқарды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Нью-Йорк фильм академиясында білімін жетілдірді. Алаш публицистикасын індете зерттеді, «Ана жүрегі» деген кітабы жарық көрді. Эльмира Ерікқызының ой-толғамдары, адами ажары көп әріптесінің әлі күнге дейін есінен кетпейді.

Динара Нұрмолдина — «Atyray» телеарнасы, жаңалық қызметінің диктор болып қызмет атқарды. Күнделікті журналист әріптестері дайындаған ақпаратты көрерменге шебер жеткізе білді. Бүгінде ұжымдастары оның байсалды, сабырлы әрі позитивті көңіл-күймен жүретінін қимай еске алады.

Татьяна Лисицкая — журналист, ұзақ жылдар бойы КТК, «Алматы», «Астана» арналарында қызмет етті, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз бөлімінде жұмыс істеді.

«Ол ұзақ уақыт бойы КТК арнасында еңбектенді. Әр материалда әр адамның тағдыры жатыр. Ол «Алматы» арнасында бас редактор болған жылдары бір кабинетте отырдық. Өмірлік тәжірибесі мол, сөздің қадірін білетін, шәкірт тәрбиелеп, журналистиканың нағыз миссиясын атқарған маман еді. Оның барлық шәкірттері нағыз кәсіби азаматтар. Таня мәнді өмір сүрді. Ол жер бетінде не үшін жүргенін жақсы білетін», — деп жазды әріптесі Айбар Олжаев.

Диас Ахметшәріп — тележүргізуші, Qazsport телеарнасының тұңғыш директоры болды. Еңбек жолын 1997 жылы Қазақ радиосының репортері болып бастаған. Ұзақ жылдар бойы Qazaqstan телеарнасы мен «Хабар» агенттігінде спорт журналисі қызметін атқарды.Олимпиада және Азия ойындарының, Әлем чемпионаттарының спорт шолушысы және ҚР құрамасының баспасөз атташесі болды.

Сәуле Жарықбаева — журналист, Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің түлегі. Сәуле студент кезінен-ақ өзінің журналистика саласына деген ерекше бейімін танытты. Қатарластарының арасында «Журфактың Жарық Сәулесі» атанды. «31арна», «Хабар24» телеарналарында табанды еңбек етіп, аз ғана ғұмырында отандық журналистика өндірісін ширатты, ақпарат саласының дамуына зор үлес қосты.