Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру: жауапкершілік пен саналы ұстаным
сурет ЖИ көмегімен генерацияланған
Құқықтық мәдениет – адамның және қоғамның заңды құрметтеу деңгейін, құқық пен міндетті саналы түрде түсінуін, құқық нормаларын күнделікті өмірде әділдік пен жауапкершілікке сүйене отырып қолдану қабілетін айқындайтын рухани-әлеуметтік құндылық тізбегі. Жастардың сауатты, әдепті болуы және құқықтық мәдениетті меңгеруі – заман талабы. Қазіргі заманда зорлық-зомбылық, әлімжеттік, сталкиң, булиң, нашақорлық сынды заңға қайшы әрекеттер жиілеп, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын арттырып отыр. Құқықтық мәдениет қоғам алдында жауапкершіліктің артуына ықпал етеді. Осы арқылы әр іске тиянақты қарап, әр адам өз міндеті мен құқығының ара-жігін ажыратуға бейімделеді. Құқықтық мәдениет, этика мен әдеп отбасыдан бастау алады. Содан соң мектепте мәдениеттің іргетасы бой көтеріп, адам үлкен ортаға қосылған сәтте бала кезінен қалыптасқан дағдыларының нәтижесі көрініс табады. Ал әрі қарай қоғамдағы әр оқиғаны ой елегінен өткізе отырып, сабақ алып, бой түзейді. Нәтижесінде, құқықтық мәдениет қалыптасады.
Жастар арасында құқықтық мәдениет қалыптастыру жолында жиі кезігетін мәселе — нигилизмнің кең тарауы. Жас өрендердің бәрі емес, кейбірі «маған бәрібір» деген позицияда болуы мүмкін.
Нигилизм — өмірдегі жалпы қабылданған құндылықтарды, моральдық нормаларды, сенімдер мен мағыналарды жоққа шығаратын философиялық көзқарас. Бұл ұғым латын тіліндегі nihil («ештеңе») сөзінен шыққан және XIX ғасырда Еуропада, әсіресе Ресейдің философиясы мен әдебиетінде кең тараған. Нигилизм дінге, дәстүрге, билікке және қалыптасқан қоғамдық ережелерге сын көзбен қарауды білдіреді, ал оның моральдық, экзистенциалдық және саяси түрлері бар. Көбіне пессимизммен шатастырылғанымен, нигилизм кей жағдайда ескі қағидаларды қайта ойластырып, адамның өз өмірінің мағынасын өзі қалыптастыруына жол ашатын көзқарас ретінде бағаланады.
Мұның алдын-алу үшін азаматтардың құқықтық мәдениет деңгейі олардың құқығы мен бостандығына, мемлекеттік мәселелерді түсініп, қоғамдық жайттарға араласу белсенділігіне тікелей әсер ететінін түсіну қажет. Құқықтық мәдениеті қалыптасқан, этика мен әдеп нормаларына сай әрекет етуші ретінде санайтын әрбір адам құқық пен міндет арасындағы тепе-теңдік пен шегараны сақтап, таразы басын тең ұстауға тиіс. Сонымен қатар өз құқығын қорғау мақсатында өзгенің құқығын таптауға, жеке бас құқығына қол сұғуға әсте болмайды. Осы ретте, Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» атты шығармасындағы «Бостандық біреуге залалың тимейтін жерге дейін ғана бостандық, одан әрі – қиянат», — деген үзінді сөзімізге айқын дәлел. Демек, «менің құқығым біреудің құқығын шектемейтін тұсқа дейін ғана менікі» деген қағиданы ұстанған жөн.
Бүгінде жаңа Ата заң жобасына қатысты белсенді талқы жүріп жатыр. Әлеуметтік желіде көпшіліктің ой-пікірін ашық айтып, құқықтық, саяси, әлеуметтік, қоғамдық өмірге белсене араласуы да құқықтық мәдениетті меңгергенін айшықтайды. Ал жаңа заң жобасының өзегіне сәйкес адам және адам құқығы басты назарға алынды. Сонымен қатар жеке тұлға құқығын цифрлық тұрғыда қорғауға басымдық берілді. Жаңа заң күшіне енгеннен бастап жастарға құқық тақырыбына қатысты сауалды тез әрі оңай шешуге мүмкіндік болмақ.
Бұл өз кезегінде жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне ықпал етеді. Құқықтық мәдениеті жоғары жас буын кез келген мәселеге бейжай қарамай, заң аясында шешім қабылдауға, өз пікірін өркениетті түрде білдіруді үйренеді. Сондай-ақ заңды білу тек өз құқығын қорғау емес, өзгенің де құқығын сыйлау екенін ұғынады. Осы арқылы қоғамда әділдік, сенім және өзара құрмет қағидалары нығая түседі. Сондықтан жастар арасында құқықтық мәдениетті жүйелі түрде қалыптастыру тұрақты, қауіпсіз әрі дамыған қоғам құрудың басты алғышарттың бірі.
Құқықтық сауаты жоғары, өз құқығы мен міндетін тең түсінетін жас ұрпақ қана әділдік пен жауапкершілікке негізделген қоғам құра алады. Заңды білу мен оны құрметтеу немқұрайды көзқарас пен нигилизмнің алдын алып, жастарды белсенді азаматтық ұстанымға тәрбиелейді. Сондықтан құқықтық мәдениетті отбасыдан бастап, білім беру мекемелерінде және қоғамдық ортада жүйелі түрде дамыту маңызды қадам.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай, Нұрбибі Айтбайқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курс студенттері
Жетекшісі: фил ғ.к., доцент Р.С. Жақсылықбаева