Қазақстанда ерлердің жалақысы әйелдер алатын айлық табыстан 36%-ға жоғары

Ерлердің жалақысы номиналды түрде 12%-ға, ал әйелдердікі 10,7%-ға өскен.
Қазақстандағы ерлердің жалақысы үшінші жыл қатарынан әйелдер алатын жалақыға қарағанда жылдамырақ өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының хабарлауына қарағанда, қазір экономиканың барлық саласы мен қызмет түрлері бойынша жұмыскер ерлердің орташа жалақысы әйелдермен салыстырғанда 36%-ға жоғары.
Бұл ретте осы шамалас айырмашылық жоғары біліктілік талап етілетін қызметтерде де байқалады.
«Басшылар мен мемлекеттік қызметшілер» тобында ерлердің жалақысы әйелдердікінен 38%-ға артық (сәйкесінше 776,3 мың және 561,9 мың), «кәсіби мамандар» тобында айырмашылық — 36%-ға (сәйкесінше 538,5 мың және 395,3 мың тг). Яғни, кәсіби мамандар аудармашылардан бастап дәрігерлер мен заңгерлер сияқты түрлі жоғары білікті мамандар кіреді. Ал техникалық қызметкерлер, фельдшерлер немесе әкімшілік персонал (мысалы, хатшылар) бұл санатқа жатпайды.
Сонымен қатар кәсіби мамандар тобының ішінде әйелдер ерлерге қарағанда екі есе көп. Ал жалпы статистикада қарастырылған барлық қызметкерлер арасында ерлер мен әйелдердің үлесі шамалас. Бұл орайда кәсіби маман тобына кіретін әйелдердің 75%-ы білім беру және денсаулық сақтау/халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Ерлер арасында да бұл салалардың үлесі ежептәуір, бірақ әлдеқайда төмен — 41%.
Тағы бір айта кететін жайт, білім беру және денсаулық сақтау/халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында ерлердің де, әйелдердің де орташа жалақысы аса жоғары емес. Білім беру саласындағы кәсіби мамандар арасында әйелдердің орташа жалақысы — 360,2 мың, ерлердікі — 370,6 мың; денсаулық сақтау/әлеуметтік қызмет көрсету саласында да осы шамалас: сәйкесінше 370,2 мың және 413,6 мың.