Қырғызстанның бұрынғы басшысы Алмазбек Атамбаев тағы сырттай 11,5 жылға сотталды. Енді ескі президенттің мүлкі тәркіленіп, мемлекет берген барлық наградаларынан айырылады.  

Бішкектегі Первомай ауданының соты Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев ісін қарады. Сот Чүй облысы, Қой-Таш ауылындағы жер учаскелерін заңсыз алды, Бішкек ЖЭС-ын жандандыру кезінде сыбайластарымен жемқорлыққа барды, 2019 жылғы 7-8 тамызда Қой-Таш ауылында ұйымдастырылған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты, ұйымдастырды деп таныды.

Қылмыс айыпкерлері қатарында 7 жыл 8 айға сотталған бұрынғы президент әкімшілігінің басшысы Фарил Ниязов пен 7,5 жылға сотталған бұрынғы парламент депутаты Ирина Карамушкина да бар. Бұл – Атавбаевқа қатысты шыққан алғашқы үкім емес. Бұған дейін де сотталып, түрмеде отырған.

Бірақ 2023 жылы денсаулығына байланысты босатылып, Испанияға ұшып кеткен. Содан бері елге оралмады.

Еске сала кетейік,  Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған Алмазбек Атамбаев 2019 жылы 8 тамызда Чүй облысы, Қой-Таш ауылындағы резиденциясында бір тәуліктен астам уақытқа созылған арнайы операция барысында ұсталды. Операция кезінде арнайы жасақтың бір қызметкері қаза тапты. Қарсылық кезінде 100-ден астам адам, оның ішінде полиция қызметкерлері, медициналық көмекке жүгінді.

Ал Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаров елдің бұрынғы басшысы Алмазбек Атамбаевқа рақымшылық жасай алатынын ескертті.

«Ешкім сот шешімін өзгерте алмайды. Менің де құқығым жоқ. Бірақ менде рақымшылық жасау құқығы бар. Тиісті өтінішпен жүгінген жағдайда, рақымшылық жасауым мүмкін. Қой-Таш оқиғасынан бері алты жыл өтті. Меніңше, сот тым қатал болмауы да тиіс пе еді. Әрине, бұл – менің жеке пікірім. Пробация немесе айыппұлмен шектелген дұрыс болар ма еді.

Десек те, оқиғалар кезінде адам қаза тапты. Жүзге жуық адам жарақат алды. Сот қандай шешім шығарса да, ол заң аясында қабылданды. Біз оны орындауға тиіспіз», — деді президент.