«Жан алғыш» нипах вирусы тарап жатыр». Пәкістан үкіметі Үндістаннан қорғана бастады
фото: hub.jhu.edu
Пәкістан үкіметі елге кіретін азаматтарды қатаң бақылауға алып, өлімге соқтыратын Нипах вирусына қарсы тексерісті күшейту туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Үндістанда аталған вирусқа шалдыққан жағдай тіркелгеннен кейін қолға алынды.
Пәкістанның шекаралық денсаулық сақтау департаменті таратқан мәлімдемеде ел шекарасында алдын алу және эпидемиологиялық бақылау шараларын күшейту аса қажет екені атап өтілген.
Ведомствоның мәліметінше, барлық жолаушылар кіреберіс бекеттерінде міндетті түрде дене қызуын өлшеуден және медициналық тексеруден өтеді. Бұл талап әуежайларға, теңіз порттарына және құрлықтағы шекара өткелдеріне бірдей қолданылады. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.
Нипах вирусы адамда қатты қызба мен ми қабынуын туындатуы мүмкін және өлім көрсеткіші жоғары. Қазіргі таңда бұл вирусқа қарсы вакцина жоқ. Дегенмен, мамандар оның адамнан адамға жұғуы қиын екенін, әдетте ұзақ әрі тығыз байланыс кезінде ғана берілетінін айтады.
Шекаралық бақылау аясында жолаушылар соңғы 21 күндегі транзиттік сапарлары туралы мәлімет ұсынуға міндетті. Бұл олардың Нипах вирусы таралған немесе жұқтыру қаупі жоғары аймақтарда болған-болмағанын анықтау үшін қажет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Нипах вирусын басым қауіп төндіретін патогендер қатарына енгізген. Үндістанда, әсіресе оңтүстіктегі Керала штатында, бұл вирусқа қатысты жекелеген жағдайлар тұрақты түрде тіркеліп келеді. Аталған өңір Нипах вирусының таралу қаупі ең жоғары аймақтардың бірі саналады.
Эпидемияларға дайындық саласындағы инновациялар коалициясының дерегіне сәйкес, 2025 жылдың желтоқсан айына дейін әлемде Нипах вирусын жұқтырған 750 жағдай расталып, оның 415-і өліммен аяқталған.