«Жаһандық жылыну жалғасып жатыр». Ғалымдар зерттеу жүргізіп, дабыл қақты
2025 жылы жаһандық орташа температура 2024 жылғы абсолют рекордтан төмен болды. Бұған Тынық мұхитында қалыптасқан Ла-Нинья құбылысының салқындатушы әсері себеп. Дегенмен ғалымдар бұл жағдайды уақытша кезең деп бағалап отыр. Бұл туралы BBC агенттігі зерттеу жүргізді.
Еуропалық Copernicus климат қызметі мен Ұлыбританияның Met Office дерегіне сүйенсек, соңғы үш жыл адамзат тарихындағы ең ыстық кезең болды. Ла-Нинья әдетте температураны төмендетеді. Соған қарамастан, 2025 жыл он жыл бұрынғы көрсеткіштен әлдеқайда ыстық болды. Ғалымдар мұның басты себебі атмосфераға бөлініп жатқан парниктік газың азаймауы деді.
Copernicus ұйымы басшысының орынбасары Саманта Бёрджесс алдағы жылдарға қатысты жаһандық температура төмендемеуі мүмкін деп айтты.
«Бірнеше онжылдықтан кейін 2020 жылдардың ортасын біз салыстырмалы түрде салқын кезең ретінде есептейміз», – дейді Саманта Бёрджесс.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы Жердің орташа температурасы индустрияға дейінгі деңгейден 1,4°C-тан жоғары болды. Бұл көмір, мұнай мен газды отын ретінде пайдалану кезеңімен салыстырғандағы көрсеткіш.
Әр түрлі ғылыми орталықта жыл сайын зерттеу жүпһргізіп, жаңа тәжірибе жүргізілгенімен, ғаламдық жылыну деңгейі төмендемеді. Met Office жанындағы Hadley орталығының директоры Роуэн Саттонның айтуына қарағанда, табиғат заңдылығы өте қарапайым.
«Парниктік газдар көбейген сайын, Жер де соған сай жылына бермек».
2025 жыл 2024 жылдың рекордтық көрсеткішін қайталамағғанымен ауа температурасына қатысты апат азамаймады. Қаңтар айында Лос-Анджелестегі алапат өрт, ал қазанда Кариб теңізін жайпаған «Мелисса» дауылы соның айқын мысалы. Ғалымдар мұндай құбылыс жаһандық жылынумен тікелей байланысты екенін айтады. Температура көтерілген сайын дауылдар күшейіп, жауын-шашын көлемі артады, ал оның салдары көбіне ең осал аймақтарға тиеді.
Ғалымдар жыл сайынғы температураның өзгеруі табиғи факторларға да байланысты екенін еске салады. Эль-Ниньо жылдары әдетте жылырақ, ал Ла-Нинья кезеңдері салқындау келеді. 2024 жылы Эль-Ниньо температураны күрт көтерсе, 2025 жылы Ла-Нинья оны біршама тежеді. Алайда Ла-Нинья жағдайында да температураның жоғары деңгейде сақталуы мамандарды алаңдатып отыр.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай