Жұмысқа жегілген 1000-нан астам жапон азаматының жүйкесі сыр беріп, дертке душар болды

2024 жылғы дерекке сәйкес, Жапонияда жұмысқа байланысты психикалық дерт саны 172-ге артып, 1 055-ке жетті. Алты жыл қатарынан артып, рекордтық көрсеткішке жетіп отыр.
Kyodo News порталы тесік өкпе болып жұмыс істеген жапондықтардың жүйкесі сыр бергенін жазды.
Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің мәліметіне қарағанда, тіркелген жалпы жағдайлардың ішінде 88-і суицид немесе суицидке әрекет жасау болған. Бұл былтырғы статистикамен салыстырғанда 9 жағдайға артық.
Олардың ішінде 224 жағдайға басшылық тарапынан қысым көрсету мен мазасын алу себеп болған. Ал екінші орында — жұмыстың көлемі немесе сипатының күрт өзгеруі тұр(119 жағдай).
Клиенттердің дөрекі қарым-қатынасы мен агрессиясы (ауызша және физикалық) психикалық дерттерге себеп болатын үшінші факторға айналды. Мұндай 108 жағдай тіркелген, оның 78-і әйелдерге қатысты болған.
Kyodo News дерегінше, клиенттерден көрген психологиялық қысым 2023 жылдан бастап өтемақы төлеуге негіз болатын себептердің қатарына енген.
Салалар бойынша ең көп өтемақы талаптары әлеуметтік қамсыздандыру және көмек көрсету саласының қызметкерлері тарапынан келіп түскен — барлығы 270 жағдай.
Жалпы алғанда, психикалық ауруларға байланысты өтемақы төлеу туралы өтініштер саны 3 780-ге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 205-ке көп болып отыр — бұл да рекордтық көрсеткіш.
Бұған дейін хабарланғандай, Жапонияда бала туу деңгейі алғаш рет төмендеді.