Әзербайжан мен Ресей шындап ұстасты. Екі ортада «жазықты болған» азаматтардың жазығы неде?

Бірқатар Әзірбайжан порталдары Ресей аумағында ашылмай қалды, деп хабарлайды Elorda medıa. Редакция тарапынан өзара ұстасқан екі елдің амал-әрекетін шолып шығып, себебіне үңіліп көрдік.
Әзірбайжанның Oxu.Az, AZERTAJ, Report, сондай-ақOxu.Az, Media.Az және Caliber.az сынды жаңалық сайттары Ресей аумағында бұғатталған. Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, бұл сайттар мобильді интернет арқылы да ашылмайды.
Қазіргі уақытта ресми құрылымдардан ешқандай мәлімдеме түскен жоқ.
Дау қалай басталды?
Соңғы айларда Баку мен Мәскеу арасындағы байланыс қатты шиеленісіп кетті, Әзірбайжан ұшағының жұмбақ жағдайда апатқа ұшырауы жағдайды тіптен ушықтырып жіберді. Бірін-бірі қыспаққа алған елдер қонақтар диаспора өкілдерін, журналистерді тұтқындап жатыр.
Қарым-қатынастың күрт нашарлауына Екатеринбургте қаза тапқан екі Әзірбайжан азаматының оқиғасы да себеп болды.
Гусейн мен Зияддин Сафаров 27 маусымда ұсталған. Әзірбайжан тарапының мәліметі бойынша, оларды ұстаған кезде аяусыз ұрып-соққан. 60 жастағы Гусейн Сафаров ІІМ ғимаратында, ал оның ағасы Зияддин көлік ішінде қайтыс болды.
Reuters жазуына қарағанда, Ресейлік тергеушілері қос азаматтың жүрек талмасынан қайтыс болғанын айтқан. Марқұмдардың денелері дүйсенбінің кешінде Бакуге жеткізілді.
Әзірбайжан сот-медициналық қызметінің басшысы өз сұхбатында Ресей тарапының мәлімдемесін жоққа шығарды. Қаза тапқан марқұмдардың денесінде соққы іздері, сынықтар, ісіну мен шок белгілерінің болғанын жеткізді.
Баку жағы өз азаматтарын Ресей қауіпсіздік күштерінің азаптап әрі қасақана өлтіргенін мәлімдеді, қылмыстық іс қозғады және Халықаралық ұйымдарға жүгінді. Сондай-ақ, Ресеймен байланысты барлық іс-шаралар тоқтатылды.
Әзірбайжанда Ресей азаматтары тұтқындалды
Әзірбайжан билігі өз аумағында жүрген Ресей азаматтарын да «тоқпақтап» алды. Оларды ұстап, қамады. Елдің ішкі істер министрлігі құрамына ресейліктер бар ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы ауқымды операция басталғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Ираннан есірткі транзитін ұйымдастырды, интернет-есірткі саудасын жүргізді және кибер алаяқтық жасады деген күдікке ілінген адамдардың екі тобы ұсталды.
Барлығы 15-ке жуық Ресей азаматы қамауға алынды. Олардың арасында мобилизациядан Бакуге қашқан жас айтишниктер мен кәсіпкерлер бар.
Ресейде Әзірбайжан диаспорасының өкілдері ұсталды
Ресей де қалыс қалмады. Әзірбайжан қауымдастығының өкілдерін қыспаққа алып, қысымын күшейтті. 1 шілдеде Екатеринбург қаласында орналасқан «Баку Плаза» сауда орталығында оқыс жағдай болды. Орталықта Әзірбайжан диаспорасының Оралдағы басшысы Шахин Шихлинский мен ұлы Мутвали ұсталды.
Ұсталған кезде көлігінің әйнегі шағылған, Шихлинскийді ішінен күштеп шығарып, қолына кісен салған. Бірақ кәсіпкердің бүгін босатылғаны мәлімделді.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы (Баку — Грозный рейсі) Ақтау іргесінде апатқа ұшырады. Борттағы 67 адамның 38-і қайтыс болды.