Таяу арадағы кездесу Ыстанбұл қаласында өтеді деп хабарланды. Алайда, алдымен, тұтқын алмасу процесі аяқталып, жағдайдың тұрақталуы қажет.

— Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров ресейлік тарапқа кездесуді келесі аптада өткізуді ұсынғанын айтты, — деп мәлімдеді Владимир Зеленский Telegram арнасындағы бейнеүндеуінде. Cондай-ақ президент келіссөзді жеделдету керек екенін жеткізді.

Бірнеше күн бұрын Түркие президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Тілдесу барысында Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерді жаңғыртып, үшінші кезеңін ұйымдастыру маңызды деп атады.

Бұған дейін РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков келіссөздердің үшінші кезеңінің күнін тек қаза тапқан әскерилерді отанына қайтару рәсімі толық аяқталғаннан кейін ғана талқылауға болатынын айтқан еді.

Сонымен қатар Мәскеу билігі де Украина дағдарысын саяси-дипломатиялық жолмен реттеу керек екенін мәлімдеді. Ресми мәлімдемеде қақтығысты бейбіт жолмен шешу көзделеді деп айтылған.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай