АҚШ президенті Дональд Трамп тың мәлімдеме жасады. Саясаткер 15 тамызда, Аляска штатында Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесетінін айтты.

Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде  арнаулы жазба жазып, «көптен күткен кездесудің» нақтыланған жерін атады:

«Америка Құрама Штаттарының Президенті мен Ресей президенті Владимир Путиннің көптен күткен кездесуі келесі жұмада, 2025 жылдың 15 тамызында ұлы Аляска штатында өтеді. Қосымша мәліметтер кейінірек хабарланады. Осы мәселеге назар аударғаныңыз үшін рақмет» деп жазды.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесетінін растап отыр. Сонымен қатар саясаткер Ресей мен Американың көрші екенін айтып, Аляскада өтетін алдағы кездесуді қисынды  деп атады.

Ушаковтың айтуына қарағанда, президенттер Украина топырағындағы ұзаққа созылған соғыс сүргінін реттеуге назар аударады. Аляскадағы келіссөздерден кейін Путин мен Трамптың кездесуі Ресей аумағында өтуі мүмкін.

«АҚШ Президентіне шақыру жіберілді», — деп өз сөзін жалғады Ресей мемлекеті басшысының көмекшісі.

Осыдан біраз бұрын Трамп Ақ үйдегі журналистердің сұрақтарына жауап берген. Президент өз сөзінде Ресей мен Украина арасындағы ықтимал бейбітшілік келісімі белгілі бір «территорияларды айырбастау» арқылы шешілуі мүмкін деп айтқан.

«Қос елдің игілігі үшін кейбір аумақтарды алмасады… Біз бір нәрсені қайтарамыз, айырбастаймыз», — деді президент.

Алайда «территорияларды айырбастау» туралы нақты сөздің таяу арада талқыға түсетінін жеткізді.