Қыркүйектің 7-нен 8-не қараған түні қазақстандықтар Айдың толық тұтылуына куә болды. Түнде Жер серігі қызғылт-қоңыр түске боялды.

Айдың тұтылуы ешқандай құрылғысыз-ақ көрінді. Бұған дейін айдың тұтылу үдерісі анық көрінеді деп айтылған еді: Ай Жердің көлеңкесінің дәл ортасынан өтеді, соның әсерінен ол қою қызыл немесе тіпті қоңыр-сарғыш реңге боялады.

Ай толықтай көлеңкеде жасырынатын тұтылудың негізгі фазасы 82 минутқа созылды – Астана уақыты бойынша 22:30-дан 23:52-ге дейін (тұтылудың шарықтау сәті – 23:11).

Бұл құбылысты Азия, Аустралия, Африка және Еуропа тұрғындары бақылай алды. Ең қолайлы аймақ Азия мен Батыс Аустралияда болды – мұнда аспан шоуын толық тамашалауға мүмкіндік болды. Шығыс Аустралия, Жаңа Зеландия, Африка және Таяу Шығыстың бір бөлігінің тұрғындары да тұтылудың барлық фазасын көре алды.

Сирек астрономиялық құбылыстан қалыс қалған АҚШ болды.