Қытай соты елдің бұрынғы спорт министрі Гу Чжунвэнді 2009–2024 жылдары аралығында пара алуға қатысты айыпты деп танып, оған өлім жазасын екі жылдық мораториймен тағайындады. China Daily агенттігінің дерегіне қарағанда ол қызметтегі ықпалын пайдаланып, жобаларды өткізу мен келісімдер алу үшін жалпы 236 млн юань (шамамен 33,4 млн доллар) көлемінде заңсыз сыйақы алған. Оның барлық мүлкі тәркіленді, ал саяси құқықтарынан өмір бойына айырылды.

Бұған қоса, Гу Чжунвэнь Бейжіңнің вице-мэрі болған кезеңдегі өкілетін теріс пайдаланды деп танылып, бұл үшін қосымша бес жыл жаза алды.

Қытайда өлім жазасы екі жылға кейінге қалдырылса, тұтқын өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Алайда сот арнайы шешім қабылдап, Чжунвэнге жазаның жеңілдетілуіне немесе шартты түрде босатылуына толық тыйым салды. Бұл оның өмірінің соңына дейін түрмеде қалатынын білдіреді.

Гу Чжунвэнь 2016–2022 жылдары Қытайдың спорт саласын басқарды, ҚХР Олимпиада комитетінің төрағасы болды және 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасын ұйымдастырушы жетекшілердің бірі саналды. Ол 2024 жылдың мамырында кең көлемді антикоррупциялық тергеу аясында ұсталған.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай