15 қыркүйектен бастап Ресей азаматтары Қытайға шетелдік паспортымен визасыз кіре алады. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзячунь мәлімдеді.

Жаңа ереже ресейліктерге Қытай аумағында 30 күнге дейін визасыз болуға рұқсат береді. Жоба 2025 жылғы 15 қыркүйектен 2026 жылғы 14 қыркүйекке дейін сынақ ретінде қолданылады.

Қытай тарапы визасыз елдер санын көбейтіп, екіжақты сапар мен туризмді дамытуға ниетті. Бұған дейін Мәскеу мен Бейжің аталмыш қадамды наурызда талқылап, тамыз айында Ресей СІМ екі адамнан тұратын туристік топтар үшін визасыз сапарлар туралы келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған еді.

Қазір Ресей азаматтарына Қытайға бару үшін виза қажет. Дегенмен Гонконгқа 14 күнге дейін, ал Макао мен Хайнань аралына 30 күнге дейін визасыз баруға рұқсат етіледі.

Қытай биыл визасыз режимді  жеңілдетіп жатыр. Бүгінде 76 елдің азаматы шетелдік паспортымен Қытай шекарасын аса алады. 2023 жылғы 10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасында да өзара визасыз режим жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, Қытай өз аумағына осыған дейін 75 елдің азаматына визасыз кіруге мүмкіндік берді.

Еске сала кетелік, Қазақстанға да 87 елдің азаматы визасыз келе алады, тағы 107 елдің азаматы электронды визамен кіре алады. Қатарында жоғарыда атаған көрші Ресей мен Қытай бар.

 

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай