Қытай елшісі қос елдің қарым-қатынасын жан-жақты дамытуға күш салатынын жеткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының елшісі кездесіп, президенттің алдағы сапары жайлы талқылады. Сонымен қатар Тяньцзинде өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті, «ШЫҰ плюс» отырысының бағдарламасы пысықталды.
Президент еліміздің Қытаймен жан-жақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге баса мән беретінін атады.
Мемлекет басшысы ШЫҰ саммиті табысты өтіп, Ұйым тарихының жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді. Елші қазақ-қытай қарым-қатынасын барлық салада нығайтуға тың серпін беретін Бейжің мен Тяньцзиндегі іс-шараларды нәтижелі өткізуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Сонымен қатар кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларды ортақ дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.
Орайы келгенде айта кетелік, Тоқаев Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға арнайылап баратын болды.