Қытай ғалымдары ғарышқа арналған кір жуғыш машина ойлап тапты

Қытай зерттеушілері ғарышкерлер үшін арнайы шағын кір жуғыш машинаны жасап шығарды. Салмағы небәрі 12 келі болатын құрылғы бір циклде 400 мл ғана су жұмсайды және киімді ультраұсақ тұман мен озон арқылы тазартады, деп жазады South China Morning Post.
Chinese Journal of Space Science басылымының мәліметінше, бұл технология «Тяньгун» орбиталық станциясына немесе болашақ ай базаларына жеткізілетін киім көлемін 60%-дан артық қысқартуға мүмкіндік береді. Мысалы, үш ғарышкерден тұратын экипаждың 15 жылдық миссиясы үшін бұл 3,3 тоннадан астам артық салмақты үнемдеу деген сөз.
Бұған дейін ғарышкерлердің орбитада киімдерін жууға жағдай болмаған. Олар киімін иіс шыққанға дейін киіп, кейін оны Жер атмосферасында өртеніп кететін жүк капсулаларына тастап жіберетін.
– Ай мен Марсқа жоспарланған ұзақ мерзімді сапарлар тұрғысынан алғанда, ғарышта кір жуу технологиясын дамыту – Жерден жіберілетін жеткізілім көлемін азайтудың маңызды қадамы, – дейді зерттеу авторлары.
Құрылғы кем дегенде бес жылға есептелген және микрогравитация жағдайында жұмыс істей алады. Ол маталарды химиялық затсыз залалсыздандырады әрі ылғалдың немесе газдың шығуына жол бермейді. Келесі кезеңде ғалымдар жұмыс істейтін прототипті құрастырып, құрылғыны жетілдіруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін қытайлық астронавттар алғаш рет жасанды интеллект ассистентінің көмегін пайдаланған еді.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай