Қытай 2030 жылдан кейін Ай бетінде орналастыруды жоспарлап отырған ғылыми базаны энергиямен қамтамасыз ету үшін атом реакторын пайдалануы мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі Шанхайда өткен таныстырылым материалдарына сүйене отырып хабарлады.

Аталған презентацияда Қытайдың «Чанъэ-8» роботтандырылған миссиясының бас инженері Пэй Чжао Юй Айдағы болашақ базаның тұжырымдамалық бейнесін таныстырған. «Чанъэ-8» миссиясы барлау сипатында өтпек: 2028 жылы Ай бетіне қондырғы түсіріліп, одан луноход пен робот шығарылады. Сонымен қатар миссия аясында 3D-баспа технологиясын пайдаланып құрылыс жүргізу бойынша тәжірибе жасау көзделген. Бұл тәсіл кейіннен Ай базасының нысандарын тұрғызуда қолданылуы ықтимал.

Reuters дерегінше, таныстырылым материалдары Қытай тарапының Ай базасында атом энергетикалық қондырғы орнатуды да қарастырып отырғанын көрсетеді. Мұндай шешім Ай жағдайының ерекшеліктерімен байланысты. Айдағы түн шамамен 14 жер тәулігіне созылады, бұл күн энергиясын тұрақты пайдалануға мүмкіндік бермейді. Күн сәулесі жыл бойы уақыттың 95 пайызына дейін түсетін «мәңгі жарық аймақтары» болғанымен, ондай жерлерге жету рельефтің күрделілігіне байланысты қиын. Оның үстіне, скафандрмен қозғалу қажеттігі мұндай аймақтарды игеруді одан әрі қиындата түседі.

Сонымен қатар Айда атом электр станциясын пайдалану бірқатар күрделі техникалық мәселелерді алға тартады. Ең бастысы – артық жылуды сыртқа шығару. Жер бетінде бұл міндет атмосфера арқылы шешілсе, Айда атмосфера жоқ. Жылуды радиаторлар арқылы тарату теориялық тұрғыдан мүмкін болғанымен, Ай күндізінде радиаторлар күн сәулесінен қатты қызады. Бұдан бөлек, радиаторлар көлемі мен салмағы жағынан ірі келеді, бұл оларды жеткізу мен орнатуды қиындатады. Тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін оларды ай топырағына көму қажет болуы мүмкін, алайда полюс маңындағы мәңгі тоң аймақтарында бұл оңай емес. Ал тіректерге орналастыру құрылымның күрделілігі мен шығынын арттыра түседі.

Айдағы автономды энергетикалық жүйесі бар база Қытайдың ұзақ мерзімді ғарыштық бағдарламасының маңызды бөлігі ретінде қарастырылып отыр.