Қазақстан мен Ресей Қытайға ресейлік мұнай тасымалын арттыру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл жөнінде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Министрдің айтуына қарағанда, Ресей тарапы Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жөнелтілетін мұнай көлемін жылына 2,5 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды ұсынып отыр.

«Қазір техникалық мүмкіндіктерді зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл іске Транснефть пен ҚазТрансОйл сияқты компаниялар тартылған. Жақын уақытта бұл жұмыстар толық аяқталып, жаңа мұнай айдау станцияларын салу қажет пе, жоқ па – нақты белгілі болады», – деді Ақкенженов.

Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық келісім шеңберінде Қазақстан арқылы Қытайға жыл сайын 10 млн тоннаға дейін ресейлік мұнай транзиттеу қарастырылады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 10,2 млн тоннаға жетіп, нақты транзит көлемі келісілген мөлшерден асып түсті.

Болжам бойынша, жаңа станциялар салынбай-ақ, арнаулы технология арқылы бұл көлемді игеруге болады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай