Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Кенесары хан туралы видеоға  пікір білдіріп, қазақ және қырғыз азаматтарына үндеу жолдады. Үндеу Youtube әлеуметтік желісінде жарияланды.

Президент бауырлас ұлттардың ынтымағын, береке мен бірлігін айта келіп, екі елдің арасына от салғысы келетін әлдебір күштер, арандатушылар туралы сөз қозғады.

«Құрметті қазақ және қырғыз жұрты! Күні кеше ғаламторда қырғыз бен қазақ халқының арасына жік салған осы видео пайда болды. Тарихи тағдырымыз сондай: қазақ пен қырғыз ежелден бір туған, бір мақсаттағы халықтармыз», – деп бастаған сөзін Садыр Жапаров.

Kursiv.media басылымы Қырғыз басшысының мәлімдемесін алға тартты. Президенттің айтуына қарағанда, екі бауырлас халықтың арасына от тастап жатқан арандатушылар бар. Олардың басты мақсаты – тарихты бұрмалап, екі елді жауластыру.

«Арандатушылық үшін оңай тақырыптардың бірі ретінде – он тоғызыншы ғасырдағы тарихымыздың трагедиялық беттері, әсіресе Кенесары ханның қырғыз жеріне басып кіруі және оның өлімімен аяқталған оқиғалар таңдалып отыр. Мен бұл тақырыпты қозғап, шайқалтқысы келетіндердің әрекеттерін көптен бері бақылап келемін», – деді президент.

Садыр Жапаров бұл тарихи оқиғаны өз бетінше оқып, ізденгенін, жақсы білетінін жеткізген.

«Кенесары ханның отаршылдыққа қарсы шыққаны дау туғызбайды. Ол – нағыз батыр болған! Бірақ қырғыз жеріне кіріп келгенін және сол әрекетіне лайықты жауап алғанын жоққа шығаруға болмайды», – деп жазды ол.

Кейіннен президент өзі қарастырған оқиғалар хроникасын жіктеп, біршама ақпарат айтқан. Қос елді тарихқа айналған оқиғадан сабақ алуға шақырған.