Америка мен Ресейді басып озуға ұмтылған қару-жарақ саудасының қазіргі «алыптарын» білеміз бе?

фото: The Economist
3 қыркүйекте Қытайдың Бейжің қаласында әскери шеру өтеді. Ел астанасының орта тұсы — Тяньаньмэнь алаңында өтетін шеруге Си Цзиньпин, Ким Жен Ын мен Владимир Путиннің қатысады деп жоспарланған.
Бұл жиында Қытай мемлекеті жаңа қару-жарағы мен тың туындыларын паш етіп, әскери әлеуетін кеңінен танытуды көздеп отыр.
Кейінгі жылдардағы шиеленістер, жаппай қарулану үдерісі сауда нарығының сипатына өзгеріс беріп, «қырғи-қабақ соғыс 2» кезеңіне жол ашты.
SIPRI-дің 2020-2024 жылдар бойынша құрған тізімге назар салсақ, басты қару-жарақ экспорттаушы елдердің бұрынғы жылдардағы тұғырынан таймағанын байқауға болады. Алғашқы бестік ішінде: АҚШ, Франция, Ресей, Қытай және Германия бар. Ресей Федерациясы Франциядан кейінгі сатыға жайғасып, үшінші орынға түскен (9,6%), ал Италия (4,8%) оныншы орыннан алтыншы тұғырға бір-ақ адым атқан.
Белгілі сарапкер Амангелді Құрметұлы әскери өндіріс пен сауда-cаттық тақырыбына қатысты былай дейді:
— Ресейдің қорғаныс өнеркәсібі кешені қатты құлдырады. Сондықтан бірте-бірте ТОП-100 де олардың компаниясы іліге алмас. Ал Қытайға келсек, JF-17, J-10C, J-20 сияқты ұшақтар, PL-15,17 сияқты зымырандар, бронды көліктер, олардың атыс мұнаралары, Wing Loong-тан басталған дрондар сияқты дүниесі көп. 2015 жылы қару-жарақ экспортында Америка үлесі — 31%, Ресей үлесі 27% болатын.
Біз оры орайда ғаламдағы қару-жарақ саудасының бағыт-бағдарын сараптап көрдік.
Қырғи-қабақ соғыс 2
Қазіргі уақытта қару-жарақ сататын елдердің дәуірі жүріп тұр. Негізгі себеп есебінде жаһани шиеленісті, геосаяси проблемалардың күрмелуін, мемлекеттердің артилерия, танкі мен ұшқышсыз ұшақ сатып алуға деген құлшынысын айтуға болады. Мәселен, Британ мемлекеті әскери алыс-беріс бойынша Норвегияға қолқа салып, құны $10 млрд болатын сауда жасауға келісіп қойды.
Америка 107 елге қару-жарақ сатып отыр
2020-2024 жылдары Америка қаруы 107 елге жеткізілген. Еуропаға экспорт айтарлықтай өсті. Өткен бес жылға қарағанда 233%-ға артқан. Негізінен алғанда, Украина, Ұлыбритания, Нидерланды және Норвегияға тасымалданып жатыр. Америка экспортының 9,3%-ы Украинаға тиесілі. Орайы келгенде айта кетелік, Украинаға жеткізілген қару-жарақтың 71%-ы әскери қолдау, яғни, қойманың қоры есебінен берілген көмек.
Америка өнімі Таяу Шығыс нарығында да сатылып жатыр (33%). Бұл аймақтың 2015-2019 жылдардағы үлесі 49% болған еді. Импорттаған негізгі елдер қатарында: Сауд Арабиясы (жалпы көлемнің 12%), одан кейін Катар (7,7%) және Кувейт (4,4%) бар. Израиль де Америка қарудың жаппай алып жатқан елдердің арасында бар: 3% үлесімен 11-ші орында.
Еуропа Америка Құрама Штаттарына әлі де кіріптар. 2020-2024 жылдары АҚШ Солтүстік Атлантика альянсының еуропалық мүшелеріне жеткізген қару-жарақ үлесі 64% болды, бұл 2015 жылдан 2019 жылға дейінгі көрсеткіштен (52%) айтарлықтай көп.
Альянсқа өнім сатқандар тізімін кейін Франция мен Оңтүстік Корея (әрқайсысы 6,5%), Германия (4,7%) және Израиль (3,9%) жалғайды.
Ресейдің қару-жарақ экспорты соңғы бес жылда 64% — ға қысқарған
Санкциялар бұғауынан босай алмай жатқан Ресей мемлекеті де өз әскери әлеуетін жаңғыртуға күш салып әлек.
Мәселен, Ресей әскери шығынын рекордтық көрсеткіштерге дейін көтерген. 2025 жылы мемлекет Украинамен соғысқа 142 миллиард доллар жұмсауды көздеп отыр. Бұл жайлы Bloomberg басылымы жазды.
«2025 жылы федералдық қазына «ұлттық қорғаныс» айдарымен 13,2 триллион рубль немесе 142 миллиард доллар көлемінде рекордтық қаражат жұмсауды көздеп отыр», –деп жазады Bloomberg.
Ал Ресейдің қару-жарақ саудасы бойынша экспорты 2023 жылы екі есеге құлдырап кетті. Тұрақты түрде сауда жасайтын Үндістан, Вьетнам мен Мысыр елдердің сырт айналып, жаңа серіктес іздеп жатқаны хабарланды.
SIPRI баяндамасына қарасақ, Ресейдің қару-жарақ экспорты соңғы бес жылда 64% — ға қысқарған. 2020-2024 жылдары Ресей федерациясының әлем экспортындағы үлесі тек 7,8% болған. Ресей қару-жарақ экспортының 74% — ы Азия мен Тынық Мұхиты елдеріне, 12%-ы Африка елдеріне, 7,4%-ы Еуропаға (Армения, Беларусь, Сербия), 6,4%-ы Таяу Шығысқа тиесілі.
Осы уақытқа дейін әскери нарықтың «әміршісіне» айналған Америка, Еуропа мен Ресейдің басынан бағы тайғаны да айтылады. Қару саудасында Оңтүстік Корея, Түркие сынды жаңа «көпес-елдер» көзге түсе бастады.
Еуропа қару-жарақ импортын 155%-ға арттырды
Соңғы бес жылда Еуропа қару-жарақ импортын 2015-2019 жылдармен салыстырғанда 155% — ға арттырды, деп есептеді SIPRI сарапшылары. Ең ірі импорттаушы ел — Украина. Онда әлем бойынша қару-жарақ жеткіудің үлесі 8,8% болған. Аймақтағы басқа да әскери техника сатып алатын елдер қатарына Ұлыбритания (2,5%) мен Польша (2,4%) кіреді.
Бір айта кетерлігі, Қазір әскери өнім алатын елдердің Оңтүстік Корея жаққа қарай «ықыласы ауған». Оңтүстік Кореяның Еуропа нарығында аса беделді екенін, АҚШ пен Франциядан кейін қару-жарақ сататын ірі елге айналғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар Оңтүстік Корея танкілері мен артилериясы Америка экспортын да басып озды деп жазады халықаралық БАҚ.
Кәрістер қаржы қайнарын Еуропадан тапты
Сеул жағы Полша нарығын бағындырып, ірі келісімшарт құрды. Құны — 22 миллиард доллар. Негізгі тауарлар қатарында: K2 танктері, гаубицалар, FA-50 жойғышы және K239 RSZO бар. Олардың кей бөлігі Еуропада құралады.
Мұнымен қоса алғанда, Оңтүстік Корея республикасы Сауд Арабиясы, Перу және Румынияға қару-жарақ сатады. Қару ғана емес, түбектегі тынымсыз ел кеме құру өндірісін де қарқынды түрде дамытып жатыр. Бұл бағытта Канада нарығына таяп, құны 17 миллиард доллар болатын келісімшарт құруды мақсат етіп отыр. Көз ілеспес жылдамдықта жүйіткитін F-35 құрылғысына теңесетін KF-21-ді де сатылымға шығарды.
Түркие де қару-жарақ саудасынан мол пайда көрді
Түркие де соңғы бес жылда қару-жарақ экспортын 2млрд-тан 7 7 млрд-қа дейін арттырды. Елдің Bayraktar TB2 және Akıncı (ұшқыр) дрондары экспорт алаңында хитке айналды. Ал Kizilelma соққы беретін дрондары мен TAI Kaan-ның «бесінші буын жауынгері» деген сынды жаңа жобалары халықаралық нарықта жоғары бағаланды.
Түрік қаруы батыс тауарына қарағанда арзан, жорық пен қақтығыс талаптарының тезінен толық өткен. Түркие де Испания, Румыния және Португалия елдеріне қару сатып, Еуропа нарығына ау салып жатыр.
Сарапшылардың хабарлауына қарағанда, Түркие мен Оңтүстік Корея қару-жарақ сатушылар арасында «сұлтанға» айналып үлгенді. Бәсеке көрігі қыза түсті. Инженерлер мен өнертапқыштардың батысқа қарай ауып жатқаны да жазылады. Десе де, қазіргі текетірес заманындағы екі елдің мақсаты — мығым: ғалам нарығын меншіктеу, қару-жарақ экспортының «қожайынына» айналу.
Дастан ҚАСТАЙ
журналист