Трамптың тариф саясаты тағы да күшейді: кезек Үндістан мен Бразилияда

АҚШ мыс импортына 50% және үнді тауарларына 25% баж салығын енгізді
AP News басылымының дерегіне қарағанда, Дональд Трамп жаңа баж салығын енгізу туралы мәлімдеп, нарықта тағы да тариф саясаты өзгерді. 1 тамыздан бастап АҚШ-қа импортталатын мысқа 50% салық енгізіліп, Үндістаннан импортталатын барлық тауарларға 25% тариф салынады.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа тариф Үндістан мен АҚШ арасындағы саудаға кедергі болмақ. Алғашқыда Үндістан келіссөз жүргізуге ынталы болғанымен, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер бойынша екі тарап ортақ мәмілеге келе алмады. Трамп мысты ұлттық маңызға ие стратегиялық ресурс деп атап, бұл шешімді АҚШ-тың тау-кен өндірісін жандандыру қажет деп түсіндірді.
Алайда, бұл жаңалықтан кейін мыс фьючерстерінің бағасы бірден арзандап, бір күнде 19 пайызға құлдырады. Себебі енгізілген баж салығы АҚШ ең көп импорттайтын рафинадталған (тазартылған) мысқа қатысты емес.
Соңғы айларда трейдерлер жаңа тарифтер күшіне енбей тұрып, АҚШ-қа мыс тасымалдауды арттырған еді. Себебі елдегі металл бағасы Лондон қор биржасындағы бағадан 28 пайызға қымбат. Енді мыстың бұл қоры қайта экспортталуы мүмкін, ал бұл жаһандық сауда тасымалына зиян келтіреді деп хабарлады Bloomberg басылымы.
Трамп Бразилияға да салық салды: баж қай тауарларды айналып өтті?
Үндістанға шектеу қойған Трамп Бразилиядан келетін импортқа да 50 пайыз қосымша баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Алайда бірқатар стратегиялық тауарды бұл тарифтерден босатты. Тізімге апельсин шырыны мен Embraer компаниясының авиациялық ұшақ бөлшектері енген.
Сәрсенбіде қол қойылған ресми жарлықта тарифтер АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, Бразилия үкіметінің саясатына жауап ретінде енгізіліп жатқаны айтылды. Сондай-ақ құжатта Бразилияның экс президенті Жаир Болсонарудың заңсыз әрекеттерге барғаны да себеп ретінде көрсетілген.
Ақ үй бұл мәлімдемені жариялағаннан кейін бразилиялық реал АҚШ долларына шаққанда 1 пайызға арзандады. Алайда әкімшілік баждар бір аптадан кейін ғана күшіне енетінін мәлімдеген соң, валюта бағамы қайта тұрақталды. Embraer компаниясының акциялары баж салығынан босатылғаны белгілі болғаннан кейін бірден 11 пайызға өсті.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай