Трамп Қытайға баж салығын енгізуді 90 күнге шегерді

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан әкелінетін тауарға салынатын кедендік тарифті тағы 90 күнге шегерді. Бұл туралы америкалық БАҚ өкілдері Ақ үй мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады. Тиісті жарлыққа Трамп дүйсенбі, 11 тамыз күні қол қойған, деп жазады CNBC телеарнасы мен The Washington Post газеті.
Бастапқыда тарифтер сейсенбі, 12 тамызда күшіне енуге тиіс еді, алайда президент өз жарлығында өзгеріс қарашаның ортасына дейін шегерілгенін айтты.
«Бұл шілде айының соңында Стокгольмде өткен АҚШ пен Қытай сауда өкілдері арасындағы соңғы келіссөздерден күтілетін нәтиже болды«, – деп түсіндірді CNBC.
Егер мерзім ұзармаса, Қытайға қарсы тарифтер сәуір айындағы ең жоғары деңгейіне қайта оралар еді: АҚШ тарапынан – 145%, ал Бейжің тарапынан – 125%.
АҚШ пен Қытай бұған дейін тарифтерді төмендетуге келіскен
Мамырда АҚШ пен Қытай өзара тарифті 90 күнге төмендетуге келіскен: АҚШ – 30%-ға, ҚХР – 10%-ға. Маусым айының соңында Дональд Трамп Қытаймен сауда келісіміне қол қойылғанын мәлімдеді. Оның айтуына қарағанда, бұл келісім «Қытайды америкалық бизнес нарығында басты серіктес» етуге бағытталған. Кейін Бейжің де мәмілені растады және келісім аясында Вашингтон Қытайға қатысты бірқатар шектеуді алып тастауға келіскенін хабарлады.
АҚШ пен ЕО арасындағы сауда келісімі
Шілденің соңында АҚШ президенті мен Еуродақ комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен (Ursula von der Leyen) Тернберридегі кездесуінде Еуродақтан әкелінетін тауарға 15%-дық тариф енгізуді қарастыратын сауда келісіміне келді.
АҚШ президентінің айтуына қарағанда, ЕО сондай-ақ бұл келісім аясында АҚШ экономикасына 600 млрд доллар (510 млрд еуро) көлемінде қосымша инвестиция салуға уәде берген. Бұдан бөлек, Брюссель АҚШ-тан 750 млрд доллар (638 млрд еуро) көлемінде энергия ресурстарын сатып алмақ, деп қосты Трамп.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай