Трамп Путин мен Лукашенконы Газадағы жағдайды реттеуге, бейбітшілікті сақтау жолында күресуге шақырды
фото: svoboda.org
АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путин мен Алксандр Лукашенконы Газа секторындағы жағдайды реттеумен айналысатын «Әлем кеңесіне» шақырды, деп хабарлайды DW.
Кремль мұндай ұсынысты талқылап жатырмыз деп хабарлады. Америкамен бірге қарастыратын, нақтылайтын тұстары бар екенін айтты. Ал Беларусь Сыртқы істер министрлігі Александр Лукашенконың бұл бастаманы оң қабылдағанын және жаңа органның жұмысына қатысуға дайын екенін хабарлады.
Бұған дейін осындай шақыртулар Қазақстан мен Венгрияға да жолданған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы тұрақтылықты нығайтуға әрі мемлекеттер арасындағы өзара сенімді дамытуға үлес қосуға ниетімін деп айтты. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан да «Әлем кеңесіне» қосылуға дайын екенін жеткізді.
Шамамен алғанда, мұндай шақырту 60 мемлекетке жіберілген. Олардың қатарында Еуропалық одақтың бірқатар елдері, сондай-ақ Түркия, Канада, Өзбекстан бар. Сонымен бірге Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенге де ұсыныс жолданған.
Ал Франция президенті Эмманюэль Макрон болса Дональд Трамптың бұл бастамасына қатысуды жоспарлап отырған жоқпын деп мәлімдеді.
Қытайға шақырту жіберілмеген. Германия ұсынысты байыпты қабылдап, халықаралық саясатты жүйелеудегі Біріккен Ұлттар Ұйымының жетекші рөліне тоқталды. Ал Аргентина, Венгрия, Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Қатар және Италия тиісті ұсыныстарды алғанын растап, оларға қосылуға келісім білдірді.
Вашингтон өкілдерінің түсіндіруіне қарағанда, «Әлем кеңесі» Газа секторындағы бейбіт дамуға қатысты міндеттемелердің орындалуын стратегиялық тұрғыда бақылауға, халықаралық ресурстарды жұмылдыруға және жалпы үйлестіруді қамтамасыз етуге жауапты болады.
Ақ үйдің мәліметінше, құрылтайшы атқарушы кеңестің (founding executive board) құрамына дипломатия, даму, инфрақұрылым және экономикалық стратегия салаларында тәжірибесі бар жеті көшбасшы енеді.
Бұған дейін Дональд Трамп Газа мәселесіне арналған «Әлем кеңесі» құрылатынын мәлімдеген болатын.