АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны АҚШ бақылауына алу мәселесінде күш қолдану туралы сұраққа нақты жауап беруден бас тартты. NBC News арнасына берген қысқа телефон сұхбатында журналистердің «Гренландияны басып алу үшін әскери күш қолданасыз ба?» деген сұрағына Трамп тек: «Пікір білдірмеймін» деп жауап берді.

Кейінгі кезде Трамптың Данияға тиесілі, жартылай автономды аумақ саналатын Гренландияны АҚШ-қа қосуды көздейтін әрекеттері күшейе түсті. Сенбі күні президент Гренландияны сатып алу жөнінде келісім жасалмайынша, Данияға және тағы жеті еуропалық елге 10 пайыз кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Бұл баж салығы 1 ақпаннан бастап күшіне енуі мүмкін.

Президент Еуропадағы одақтастарымен арадағы текетіреске жаңа сипат беріп, бұл мәселені Нобель бейбітшілік сыйлығымен де байланыстырды. Жексенбі күні Трамп Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёремен хат алмасып, 2025 жылы Нобель сыйлығын алмағанына наразылығын білдірген. Аталған хат-хабар Норвегияның заңына сәйкес көпшілікке жария етілді.

Хатта Трамп:

«Сіздің еліңіз мені Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық деп танымаған соң, мен енді тек бейбітшілік туралы ғана ойлауға міндетті емеспін. Әрине, бейбітшілік маңызды, бірақ енді АҚШ үшін не дұрыс екенін де ойлай аламын», — деп жазған.

Норвегия да жаңа тариф саясаты қабылданған елдер тізіміне енді. Алайда премьер-министр Стёре Норвегияның ұстанымы өзгермейтінін айтты:

«Гренландия — Дания Корольдігінің бір бөлігі. Норвегия бұл мәселеде Данияны толық қолдайды», — деді премьер-министр.

Нобель бейбітшілік сыйлығын Норвегия парламенті тағайындайтын бес мүшелі комитет беретінін еске салған сарапшылар Норвегия үкіметінің бұл шешімге тікелей ықпалы жоқ екенін айтады. Соған қарамастан, Трамп Норвегия сыйлыққа толықтай бақылау жасайды деп есептейді.

Сұхбат барысында Трамп Еуропа көшбасшыларын да сынға алып, олардың Гренландия мәселесіне емес, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа көбірек көңіл бөлуі керегін айтты. Трамптың пікіріне қарағанда, Гренландия АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие.

Еуропа елдеріне тарифтер енгізу жоспары жүзеге аса ма деген сұраққа Трамп нақты жауап берді:

«Иә, 100 пайыз жүзеге асады», — деді Трамп.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай