Тариф соғысы Toyota-ны сұлатты. Батыс қиқарлығынан шығыс алпауыты ауыр зардап шекті

АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған тариф соғысының салқыны тиіп, аса ауыр зардап шегетін компания белгілі болды. Bloomberg агенттігі жариялаған ақпаратқа қарағанда, Toyota компаниясына тықыр таянған.
Жапон автоалпауыты небәрі екі айдың ішінде 1,2 млрд доллардан айырылған. Шығыны шаш етектен болған екінші өндіруші — General Motors (0,8 млрд доллар). Ал Ford 0,3 млрд доллар шығынмен үшінші орында тұр.
Еске сала кетейік, АҚШ президенті 2025 жылғы 3 сәуірден бастап АҚШ-та сатылатын шетел автокөліктерін 25% баж салығын енгізді. Ал 3 мамырдан бастап дәл осындай көлемдегі сауда салығы автобөлшектердің көбіне салынды.
Жапон автогиганты әзірге 2025 жылға болжамын жариялаған жоқ, бірақ биылғы қаржы жылында 3,8 трлн иена (26,1 млрд доллар) табыс табуды көздеп отыр. Қаржы жылы 2026 жылғы наурызда аяқталады.