АҚШ президенті Дональд Трамп сауда серіктестерін АҚШ-пен сауда тапшылығы деңгейіне қарай топтарға бөліп, ондаған елге ауқымды импорттық баж салығын енгізді.
Zakon.kz хабарлауынша, құжат 1 тамызға қараған түні Ақ үйдің сайтында жарияланған.

Ең қатаң шаралар АҚШ сауда келісіміне қол жеткізбеген немесе айтарлықтай сауда тапшылығы бар елдерге әсер етті. Ең жоғары көрсеткіш Сирияға (41%), Мьянмаға (40%), Швейцарияға (39%), сондай-ақ Ирак пен Сербияға (әрқайсысы 35%) қатысты.

Ақ үй елдер мен аумақтардың тізімі және оларға жүктелген міндеттер жазылған қосымшаны жариялады. Бұл тізім бойынша Қазақстанға 25 пайыздық баж салығы салынды.

2025 жылдың 8 шілдесінде АҚШ президенті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, Америка Құрама Штаттары 2025 жылдың 1 тамызынан бастап қазақстандық тауарларға 25 пайыздық баж салығын енгізуді жоспарлап отырғаны туралы хабарлаған болатын. Кейінірек Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «БРИКС-тің Америкаға қарсы саясатынан» кейін шала бүлінген Америка президенті Дональд Трамптың жолдаған хатына жауап жазды.

— Мемлекет басшысы Қазақстан Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвестициялық серіктесі ретінде әділ, түсінікті және өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейілділігін атап өтті. Қазақстан Президенті сауда мәселелері бойынша рационалды шешім әзірлеу мақсатында еліміздің конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда проблемасына қатысты ортақ мәмілеге қол жеткізуге болатынына сенім білдірді, — делінген хабарламада.

Орайы келгенде айта кетейік, бүгін АҚШ мыс импортына 50% және үнді тауарларына 25% баж салығын енгізді.

AP News басылымының дерегіне қарағанда, 1 тамыздан бастап АҚШ-қа импортталатын мысқа 50% салық енгізіліп, Үндістаннан импортталатын барлық тауарларға 25% тариф салынады.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа тариф Үндістан мен АҚШ арасындағы саудаға кедергі болмақ. Алғашқыда Үндістан келіссөз жүргізуге ынталы болғанымен, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер бойынша екі тарап ортақ мәмілеге келе алмады. Трамп мысты ұлттық маңызға ие стратегиялық ресурс деп атап, бұл шешімді АҚШ-тың тау-кен өндірісін жандандыру қажет деп түсіндірді.