Elorda media group

Трамп 150-ден астам елге 10–15% баж салығын салып, әлем әлеуетін тұралату туралы пиғылын ашық айтты

Америка президенті Дональд Трамп 150-ден астам елдің экономикасын тұралатамын деп, 10-нан 15 пайызға дейінгі баж салығын салатыны туралы хат жолдағалы отырғанын мәлімдеді.

MSN хабарлауына қарағанда, жүктеме жайы жайлы нақты шешім қабылданбаған.

— Біз 150-ден астам елге төлем туралы хабар бермекпіз. Ол хабарда тариф мөлшері көрсетіледі, — деді Дональд Трамп.

Еске сала кетелік, Трамп Бразиялияға 50%, Вьетнамға 19%, Канадаға 25%, ал Еуропалық Одаққа 30 пайыздық тариф, сондай-ақ фармацевтикалық өнімдер мен көлік импортына баж салығын енгізетіні туралы хабарлаған болатын.

Сондай-ақ осы ақпаратта Трамптың 2 сәуірде енгізіп, кейінге қалдырылған ауқымды тарифтері күшіне енетін мерзім — 1 тамыздың жақындап қалғаны айтылған.

Осыған байланысты көптеген елдер АҚШ-пен сауда келісімен жасап қалуға асығып жатыр.  ЕО мен АҚШ сауда келісімі бойынша жұмысын жеделдететіні хабарланды.  Вьетнам АҚШ-пен сауда келісіміне қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «БРИКС-тің Америкаға қарсы саясатынан» кейін шала бүлінген Америка президенті Дональд Трамптың жолдаған хатына жауап жазды.

Президент Қазақстаннан импортталатын тауарларға баж салығын салу туралы сөз болған хатқа жауап берді:

— Мемлекет басшысы Қазақстан Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвестициялық серіктесі ретінде әділ, түсінікті және өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейілділігін атап өтті. Қазақстан Президенті сауда мәселелері бойынша рационалды шешім әзірлеу мақсатында еліміздің конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда проблемасына қатысты ортақ мәмілеге қол жеткізуге болатынына сенім білдірді, — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, АҚШ президенті ресми Астанаға Қазақстан тауарларына 25 пайыздық баж салығын енгізгені туралы хат жолдаған болатын.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында АҚШ белгілеген 25 пайыз экспорт бажы Қазақстан фермерлеріне қалай әсер ететінін жеткізді.

Экономика сарапшысы Айбар Олжай санкция кісені салынса да, Қазақстан экономикасының еш тұралап қалмайтынын айтты.

Жинақтай айтқанда, Қазақстан делегациясы БРИКС саммитінің отырысына қатысып, саммиттің «игі мақсаттары мен міндеттеріне толығымен қосылатынын» жеткізген.

«Антиамерикалық БРИКС саясатына қосылған кез келген елге 10 пайыздық қосымша тариф салынады. Бұл саясаттан ешқандай елге ерекше жағдай жасалмайды. Назар аударғандарыңызға рахмет!» — деп жазды Трамп.

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация БРИКС саммитінің бірінші күнінің отырысына қатысты:

– Қазақстан болжауға болмайтын және бұрын-соңды болмаған сынақтар кезінде көпжақтылық идеялары мен құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған осы саммиттің игі мақсаттары мен міндеттеріне толығымен қосылады. Бұл міндет бұрын-соңды болмаған бірлікті, орасан зор адами және материалдық ресурстарды тартуды, баршамыздан даналықты және сындарлы қатысуды талап етеді, — деді Мұрат Нұртілеу.

Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің басшысы болжамдылық пен тұрақтылықты нығайту, заңды құқықтарды құрметтеу, дипломатия мен диалогты ынталандыру, сондай-ақ БҰҰ Жарғысында және халықаралық құқықта бекітілген нормалар мен қағидаттарды ұстану арқылы жақсы әлем үшін күресуге шақырды.

Трамптың тариф соғына қатысты мәлімдемесіне түрткі болған не?

БРИКС елдерінің саммитте ортақ үндеу жариялап, ұйымға мүше мемлекеттер «біржақты тарифтік шараларға» алаңдаушылық білдірді. Мұндай саясатты «әлемдік сауда мен экономика дамуына қатер төндіретін» әрекет деп атады.

БРИКС елдерінің мұндай шектеудің тұтас жаһанға әсер ететінін атап өтіп, сауда көлемінің азаюына, жеткізу тізбектерінің бұзылуына және әлемдік экономикалық теңгерімсіздіктің ушығуына алып келуі мүмкін деп айтты.

Орайы келгенде айта кетейік, БРИКС төрт мемлекеттің, атап айтқанда, Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытайдың бастамасымен құрылды. 2010 жылы оларға Оңтүстік Африка Республикасы қосылды. Ал 2024 жылдың басында Иран, Египет, Эфиопия және Біріккен Араб Әмірліктері ресми түрде мүше болды. Кейін Индонезия да ұйымға қосылғанын жариялады. AFP агенттігінің мәліметінше, қазіргі таңда БРИКС елдерінде жер бетіндегі халықтың жартысы тұрады, ал олардың жиынтық ішкі жалпы өнімі әлемдік экономиканың шамамен 40 пайызын құрайды.