2025 жылдың 28-29 қараша күндері қазақ театр педагогикасының негізін қалаушы, Қазақстанның халық әртісі, профессор Асқар Тоқпановтың туғанына 110 жыл толуына орай, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Қазақ театр педагогикасы және қазіргі білім беру саласындағы жаңа үрдістер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді.

Бұл маңызды іс-шара ұлттық театр өнерінің тарихы мен қазіргі дамуы арасындағы сабақтастықты сақтау, Асқар Тоқпановтың педагогикалық және шығармашылық мұрасын ұлықтау, сонымен қатар жаңа буынға рухани бағыт беру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Пленарлық отырысқа Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев модераторлық етеді. Баяндамашылар қатарында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің жетекші театртанушылары, өнертану докторлары мен кандидаттары бар. Іс-шараға Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттер, театр өнерінің мамандары мен қонақтар қатысады.

Конференция бағдарламасы аясында бірқатар маңызды іс-шаралар жоспарланған. 28 қараша күні сағат 10:00-де көрнекті театр режиссері Асқар Тоқпановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Рәсімнен кейін конференцияға арналған мақалалар жинағы мен А. Тоқпановтың «Бүгінгі күнге дейін» кітабының тұсаукесері болады. Сондай-ақ Академияның Оқу театрына Асқар Тоқпановтың есімін беру бойынша салтанатты іс-шара ұйымдастырылады.

Аталған конференция ұлт мәдениетінің дамуына серпін беретін, болашақ өнер иелерін тәрбиелеуге бағытталған іргелі қадам болмақ. Барлық БАҚ өкілдерін маңызды іс-шараны қолдауға шақырамыз!

 

Байланыс нөмірі: +7 747 331 43 24   Аружан