Америкалық тележүргізуші Эллен Дедженерес АҚШ-тан Ұлыбританияға қоныс аударғаннан кейін алғаш рет көпшілік алдына шығып, Дональд Трамп қайта президент болып сайланған күннің ертесінде-ақ Англияда тұруға шешім қабылдағанын мәлімдеді. Танымал әзілкеш әрі тележүргізуші көрерменнен Ұлыбританиядағы Глостершир графтығы Челтнем қаласындағы өмірі «әлдеқайда жақсы» екенін жасырмады. Дедженерестің айтуынша, өзі және жары Порша де Россимен АҚШ билігі біржынысты некеге тыйым салуға әрекет еткен соң, Англияда некелерін қайта қиюды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ ол 2022 жылы жабылған «Ellen show» атты жобасының жабылуына қатысты айыптауларға пікір білдірді. Өзінің  тым біржақты пікірде болғанын да мойындады. Алайда бұл медиадағы өзіне қатысты кезекті кликбейт екенін атады.

Еске сала кетейік, Эллен Дедженерестің тізгініндегі «Ellen show» бағдарламасы алғаш рет 2003 жылы 8 қыркүйекте эфирге шықты. Шоу жұлдыздар, қоғам белсенділері мен өзге де ерекше тұлғалардың қатысуымен өтетін. Көңілашар бағыттағы жобаның әр шығарылымы көп қаралым жинап, тіпті халықаралық рейтингтерде де көш бастады. Бұл шоуда еліміз 5 жасар америкалық балақайдың арқасында аталған еді. Нэйт Селтзер есімді география саласындағы кішкентай сарапшы Қазақстанның туы мен жерін, астанасын мүдірмей атап, отандастарымыздың есінде қалды.  Бүлдіршін өзге де елдердің географиялық сипатын жаңылмай жатқа айтып «Ellen show» жобасының ерекше қонағына айналды.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай