Қазақстан Президенті Түрікменстан президентімен жолықты. Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына шақырғаны үшін Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы теңізге тікелей шығар жолы жоқ елдердің жағдайына қатысты өзекті мәселелер туралы пікір алмасатын, нақты шешімдер әзірлейтін маңызды алаң деп бағалады.

Кездесу барысында сауда-экономика, энергетика, көлік-транзит салаларындағы серіктестікті нығайту мәселелері талқыланғаны айтылды.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға ынталы екенін тағы да растады, — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына қатысу үшін Түрікменстанға барған болатын.

Әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов аз-кем әңгімелесті.

Ертесіне Қасым-Жомарт Тоқаев «Аваза» конгресс-орталығына барды. Содан кейін Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне қатысты.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі.

Президенттің айтуына қарағанда, дамушы елдердің басты проблемасы — теңізге шығар жолдың болмауында. Бірқатар елдер жаһандық нарыққа жол табуда кездесетін кедергілермен бетпе-бет келеді.

– Аймақтағы шектеулі байланыс – теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің басты проблемасы. Бұл транзит және сауда шығыны, сондай-ақ геосаяси факторларға осалдық секілді біршама экономикалық қиындық тудырады. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Түрлі қақтығыстар, экономикалық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұзылуы және жаһанда сенімсіздіктің белең алуы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Дегенмен Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселелердің шешімін табуға атсалысатын тең құқылы әрі перспективті серіктес ретінде қарау керек деп санайды. Мұндай елдердің үні анық естілуге тиіс, ал біздің өзара ынтымақтастығымыз терең, ұжымдық ұмтылысымыз батыл болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Аваза іс-қимыл бағдарламасын тұрақты, инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер жол картасы ретінде толық қолдайтынын мәлімдеді

– Бұл маңызды бастама транзиттік елдердің, халықаралық даму ұйымдары мен қаржы институттарының саяси қолдауына ие болуға тиіс. Көлік, энергетика және цифрлы инфрақұрылым сияқты басты секторларға инвестицияны ынталандыруға арналған жаңа қаржы тетіктері керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруін тағы бір түйткіл ретінде атады.

– Теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Дегенмен, менің ойымша, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары теңгерімді әрі инклюзивті сипатын сақтап, елдердің даму жолындағы сұраныстарына сай болуға тиіс. Климаттық өзгерістермен күреске жұмылу мақсатында Сіздерді келесі жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге Астанада ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммитке шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.