Ұлттық Банк қараша айындағы валюта нарығының жай-күйіне қатысты жаңартылған мәлімет жариялады. Ресми дерекке сәйкес, өткен айда теңге бағамы ныайып, бір АҚШ доллары үшін 512,57 теңгеге дейін күшейді. Ұлттық валюта айлық есепте 3,3% өсім көрсетті. Сарапшылар мұны нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тұрақтануымен және бюджеттегі операциялардың бірқалыпты жүзеге асуымен байланыстырады.

Қазақстан қор биржасында (KASE) күн сайынғы орташа сауда көлемі 271 млн доллардан 280 млн долларға дейін көтерілді. Бір ай ішінде биржада жалпы 5,6 млрд доллар көлемінде операция жүргізілген. Ұлттық қор қарашаның өзінде республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 600 млн доллар көлемінде валюта сатты. Бұл айлық жалпы сауда-саттықтың 10,7%-ына тең. Күн сайын шамамен 30 млн доллар сатылған. Ал желтоқсанда Ұлттық банк алдын ала болжамды өтінімдерге қарай Ұлттық қордан 400–500 млн доллар аралығында валюта сатылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл бюджет шығыстарын тұрақты қаржыландыру мен нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған шаралар қатарында қарастырылады.

Ай ішінде «айналау» операциялары да жалғасын тапты. Қарашада нарықтан 475 млрд теңге алынып, дәл осындай көлем желтоқсанда да жүзеге асырылмақ. Ұлттық банк бұл қадамдар нарықтағы өтімділікті реттеп, теңгенің шамадан тыс құбылуын тежейді деп түсіндіреді. Реттеуші Ұлттық қор қаражатымен операция жүргізген кезде «нарықтық бейтараптық» қағидатын сақтап отырғанын айтады. Яғни валютаның шамадан тыс сатылуына жол бермеу және бағамға тікелей әсер етпеу үшін валюта біркелкі көлемде сатылады.

Айта кетелік, қараша айында Ұлттық Банк валюта нарығына интервенция жасамаған. Бұл нарықтағы жағдай тұрақты болғанын, бағамға тікелей араласуды қажет ететін факторлар байқалмағанын білдіреді. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері міндетті нормаларға сәйкес шамамен 390 млн доллар көлемінде валюта сатты. Бұл да нарықтағы ұсыныстың артуына ықпал еткен.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының валюталық активтері бұрынғы жоспарға сай 40%-дан асып кеткендіктен, қарашада да, желтоқсанда да Ұлттық Банк зейнетақы портфелі үшін доллар сатып алмайтынын мәлімдеді. Бұл шешім ішкі нарықтағы валюта сұранысын төмендетіп, теңге бағамының тұрақтылығына оң әсер еткені байқалады.

Ұлттық Банк өз мәлімдемесінде ашықтық қағидатын сақтай отырып, валюта нарығындағы барлық операциялар туралы толыққанды ақпарат беруді жалғастыратынын атады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай