Талдықорған қаласының орталық алаңында Ұлттық домбыра күніне арналған «Ұлы дала үні» атты флешмоб ұйымдастырылды.  Іс-шарада 5 мың адам бір мезетте қос күйді шертіп, ел тарихында бұрын-соңды болмаған рекорд орнатты. Олардың қатарында кәсіби музыканттар, мектеп оқушылары, студенттер, өнер сүйер қауым өкілдері бар. 

Іс-шараға Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы Қайрат Тазабеков қатысты. Бастама ресми түрде тіркеліп, жаңа рекордты растайтын сертификат Жетісу облысының әкімдігіне табысталды.

Бұл – тек Жетісу өңірінің ғана емес, күллі Қазақстанның мәдени өміріндегі елеулі оқиға ретінде бағаланды.

Әкімдіктің мәліметіне қарағанда, флешмобқа облыстың барлық аудандары, облыстық басқармалар мен ұйымдардан келген қатысушылар белсене қатысып, ұлттық өнерге деген шынайы құрметтерін білдірді. Сонымен қатар Жетісу өңірінің табиғи-тарихи көрнекі жерлерінде 7 күйші орындаған «Бақтыбайдың әуені» күйі арнайы бейнебаянға түсіріліп, флешмобпен біріктірілген музыкалық-визуалды клип ретінде жұрт назарына ұсынылды. Бұл жоба – дәстүр мен заманауи өнердің үндесуінің жарқын үлгісіне айналды.

Қаладағы орталық алаңда қазақтың жыршылық-термешілік дәстүрінің көрнекті өкілі Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдық мерейтойына орай «Бақтыбайдың әуені» және танымал күйші-композитор Әбдімомын Желдібайдың «Ерке сылқым» күйлері шертілді.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шара жастардың ұлттық өнерге деген құрметін арттырады деп есептейді.