Литвада өткен География пәні бойынша Еуропа олимпиадасында (EGeo) Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Білім бәйгесінде ел намысын жықпаған талаперлер жеті медаль жеңіп алды.

Алтын медальді еліміздің қоржынына Талдықорған қаласындағы №24 мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы — Дарын Бекбол cалды. Оқушы кіші (жасөспірімдер) санатта (12-15 жас) ең үздік атанды.

Қола жүлдені Шымкент қаласындағы НЗМ-нің 9-сынып оқушысы — Микаэль Почукаев жеңіп алды.

Негізгі (үлкен) жас санатында (16–19 жас) Қазақстан құрамасының қоржынына медаль салғандар:

— Қостанай қаласындағы НЗМ 10-сынып оқушысы Андрей Енбахтов;

— Талдықорған қаласындағы НЗМ 12-сынып оқушысы Ақжол Болат;

— Ақтөбе қаласындағы НЗМ 12-сынып оқушысы Алихан Калмагамбетов;

— Павлодар қаласындағы НЗМ 11-сынып оқушысы Мансур Тұрсынғалиев;

— Талдықорған қаласындағы НЗМ 10-сынып оқушысы Рамиль Имашев.

 — Команданың жетекшілері мен жаттықтырушылары — республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегерлері Абай Дүйсен мен Ақберен Айжарық. Біз жастарымызбен мақтанамыз! — деп жазды Оқу-ағарту министрлігі.

Айта кетейік, EGeo олимпиадасы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Басты мақсат — география және экология саласына қызығушылықты арттыру. Байқау үш кезеңнен тұрады: жазбаша тест, мультимедиялық тапсырма және дала туры. Барлық тапсырмалар ағылшын тілінде орындалады. 2024 жылы Қазақстан құрамасы алты медаль еншілеген болатын.