«Талай жұмыр жүрек иесінің жанашыры еді». Жоғары санатты дәрігер-аритмолог, «Bolashaq» түлегі Ғани Төлепбергенов өмірден өтті
Алматы қалалық кардиология орталығының жоғары санатты дәрігер-аритмологы, медицина саласының үздігі, PhD, «Bolashaq» халықаралық бағдарламасының түлегі Ғани Төлепбергенов дүние салды.
Орны толмас қаза жайлы «Bolashaq» Қауымдастығының өкілдері хабарлады:
— “Bolashaq” Қауымдастығы Кеңесінің мүшесі, Медицина клубының көшбасшысы, белігілі аритмолог, жоғары санаттағы дәрігер, «Bolashaq» бағдарламасы бойынша білімі: Литва денсаулық ғылымдары университеті (LSMU) 2015. Ph.D; ардақты әке, асыл жар, қадірлі әріптес Ғани Төлепбергенов саналы ғұмырында отандық медицина саласының дамуына ерекше үлес қосып кетті. Ол Қауысдастығымыздың өркендеуіне көп еңбек сіңірді.
Қысқа да болса ғұмырында, талай жүректің соғуына себепкер болған мейірімге толы жақсы адамның өз жүрегі бұл дүниемен мәңгіге қоштасты…
Марқұмның отбасына, туған туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Қадірлі әріптесіміздің иманы жолдас болсын, — деп жазды.
Марқұм Литва денсаулық ғылымдары университетінде (LSMU) білім алып, кәсіби еңбек жолын Алматы қалалық кардиология орталығында жалғастырған. Ол жүрек ырғағының бұзылыстарын диагностикалау және емдеу бағытында білікті маман ретінде танылып, көптеген науқастың өмірін сақтап қалуға елеулі үлес қосты.
Ғани Төлепбергенов тек клиникалық тәжірибемен шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол «Bolashaq» түлектері қауымдастығы кеңесінің белсенді мүшесі, Медицина клубының көшбасшысы болды. Әріптестерімен бірге өңірлерді аралап, ауыл тұрғындарына тегін медициналық кеңес беруді, профилактикалық тексерулер өткізуді ұйымдастырды.
Әріптестері мен замандастары Ғани Төлепбергеновті өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, кәсіби білімі терең әрі адамгершілігі мол азамат ретінде еске алады. Оның мезгілсіз қазасы медицина қауымдастығы үшін орны толмас ауыр қаза болды.
— Бүгін ауыр хабар жетті…
Досымызды, Кеңес мүшесін, әйгілі аритмолог-хирургты, қоғамдастығымыздың белсенді азаматын — Алматыдағы Гани Тулепбергенов Болашақ атты асыл досымызды жоғалттық.
Ол кәсібіне адал, адамға жанашыр, айналасына жарық сыйлайтын тұлға еді. Оның білімі мен қолтаңбасы талай жанның өмірін сақтап қалды, ал адамгершілігі мен қарапайымдылығы жүректерде мәңгі қалады.
Біз үшін бұл — орны толмас қаза, — деп жазды Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гулзада Шакуликова.
Марқұмның отбасы мен жақындарына, туған-туыстарына және әріптестеріне қайғыра көңіл айтамыз.