Түркістан облысының Отырар ауданында орналасқан мақта қабылдау пунктінде өрт шықты.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, 14 желтоқсан күні сағат 03:57-де Отырар ауданына қарасты Темір ауылындағы мақта зауытының ашық алаңында жиналып тұрған мақта отқа оранған. Өрт 360 шаршы метр аумақты қамтып, 260 тонна мақта тілсіз жау салдарынан өртеніп кеткен.

Аталған қоймада жалпы көлемі 4 500 тонна мақта сақталған. Жедел әрекет еткен өрт сөндірушілердің арқасында 4 240 тонна өнімді тілсіз жаудан аман алып қалу мүмкін болды. Өрт толықтай сағат 06:54-те ауыздықталды. Ресми дерекке сәйкес, зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Төтенше жағдайды жою жұмыстарына облыстық ТЖД-дан 30 құтқарушы мен 7 арнайы техника, ауылдық өрт сөндірушілерден 3 адам және 1 техника, орман шаруашылығынан 3 қызметкер мен 1 техника, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан 15 адам мен 4 су тасушы көлік жұмылдырылды.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай